Malim.kz
Қоғам

Бигелді Ғабдуллин: Сөз бостандығы – ойыңа келгеннің бәрін айту емес

Арман Қайыпхан
Фото: Бигелді Ғабдуллиннің әлеуметтік желідегі парақшасы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі публицист Бигелді Ғабдуллин сөз бостандығы мен журналистік этика туралы пікір білдіріп, қаламгер үшін ең басты өлшем – ар-ождан екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, бұл мәселе жайлы кезінде көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовпен арнайы әңгімелескен.

Ғабдуллиннің сөзінше, ол Айтматовтан суреткер мен биліктің арақатынасы туралы сұраған. Жазушы жауап беруге асықпай, біраз үнсіздіктен кейін өзінің өмірлік ұстанымын жеткізген.

«Адам рухы қай дәуірде де еркіндікке ұмтылады. Еркіндік – суреткердің темірқазығы. Бірақ сол еркіндікке барар жолда билік міндетті түрде қарсы ұшырасады. Билік әрдайым талантты өз жағына шығаруға, өз мүддесіне қызмет еткізуге ұмтылады. Ал нағыз суреткер оған іштей қарсы тұрады…», – деген Шыңғыс Айтматовтың сөзін еске алды Бигелді Ғабдуллин.

Публицист бұл ойдың өзінің шығармашылық жолына да үлкен әсер еткенін атап өтті.

Сонымен қатар ол сөз бостандығы жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс екенін айтты.

«Сөз бостандығы – ойыңа келгеннің бәрін айту құқығы емес, ол – ең алдымен, айтылған әрбір сөз үшін жауап бере білу», – деді ол.

Бигелді Ғабдуллиннің пікірінше, публицист қоғамды әдейі жаңылыстыруға, жалған ақпарат таратуға, жала жабуға, өшпенділікті қоздыруға немесе адамның ар-намысын қорлауға құқылы емес.

Сонымен бірге ол журналист пен жазушының әділетсіздікке үнсіз қарауы да дұрыс емес екенін айтты.

«Үнсіздік кейде әділетсіздікке ортақтасудың ең қауіпті түріне айналады», – деді публицист.

Сұхбат барысында Бигелді Ғабдуллин жазушы үшін ең маңызды шекара – оның ар-ожданы екенін ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, адам қателесуі немесе көзқарасын өзгертуі мүмкін, алайда өз ар-ожданына қарсы жазуға ешқашан болмайды.

«Шынайы әдебиет адам өзіне ақтау іздеген жерден емес, ақиқатты іздеген жерден басталады», – деп түйіндеді ол.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары