Белгілі әнші Мәдина Ералиеваның күйеубаласы Оралбай Әбдіқадыр өнер иесінің өмірін қиған жол апатының қалай болғанын еске алды. Ол сол күні көлікте әншімен бірге болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, 27 қарашада олар Қазалыдан жолға шыққан. Сол күні жолдың беті мұз болып, көлік жүргізуге қолайсыз жағдай қалыптасқан. Бұл туралы ол 2024 жылы "Астарлы ақиқат" бағдарламасына берген сұхбатында айтқан.
"Оразаның бірінші күні еді. Жаңбыр жауып тұрған жоқ, бірақ жердің беті мұз еді. Көлікте үш адам болдық – мен, Болат, Мәдина. "Кешке дейін мен өзім айдап барайын, одан кейін екеуің кезектесіп айдайсыңдар" деді Мәдина. Келістік. Жаңадан жазған кассетасындағы әндерді қойып, қайта-қайта бізге тыңдатып отырды. Көліктің іші жылы,жанға жағымды музыка болған соң, көзім ілініп кетіпті. Болат пен Мәдина әңгімелесіп отырған", – дейді Әбдіқадыр.
Бір сәтте көлік мұзда сырғанап, жолдан шығып кеткен. Оралбай Әбдіқадырдың сөзінше, автомобиль бірнеше рет аударылған.
"Бір кезде жолдың ойық тұсы ғой деймін, көлік дірілдеп кетті. Жерге қарасақ, шаң болып жатыр екен. Болат "Мадина, блоктан шығарып қой, май жейді" деді. Сөйтіп әрі қарай жүрдік. Жоғары жылдамдықпен келе жатыр екен. Содан көлік шана сияқты сай жаққа аунап түсті. "Мынау қашан тоқтайды" деп ойладым. Айналып барып, тарс етіп тоқтады. Қарасақ, біз кетіп бара жатқан бағытпен емес, қарама-қарсы бағытқа қарап қалыппыз. Әуен ойнап тұр, әйнектің бәрі сынған. Тек мен жақтағы кішкентай әйнек сынбапты. Көлікте Мәдина жоқ. Белдік тақпаған. Көлік айналған кезде түсіп қалған ба, оны ешкім білмейді", – дейді ол.
Жол апатынан кейін олар Мәдина Ералиеваны көліктің сыртынан тапқан. Сол сәтте әншінің жүрек соғысы болған.
"Айналаны қарасақ, қырлау жерде жатыр екен. Екеуміз жүгіріп келдік. Жүрек соғысы бар, дереу жолдан көлік тоқтаттық. Жасыл түсті жигулиге көзіміз түсіп, қол көтергенбіз, тоқтады, жағдайды түсіндірдік. Мәдинаны салонға жатқыздық. Мен шашылған заттарды жинауға кеттім. Болатқа "балама қара" деп бір-ақ сөз айтыпты", – деп еске алды күйеу баласы.
Мәдина Ералиева 2000 жылғы 27 қарашада Арал – Ташкент тасжолында болған жол апатынан қаза тапты.
Еске сала кетейік, Мәдина Ерәлиеваның сіңлісі Сағира Ерәлиева әлеуметтік желідегі парақшасында әпкесінің өмірінің соңғы айларына қатысты әсерлі естелігін жариялаған еді.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева – қазақ эстрадасында өзіндік орындаушылық мәнерімен танылған белгілі әнші. Ол 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.
Әкесі Ерәлі Есмалай тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен, ал анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілікпен айналысқан. Мәдина сегізінші сыныпта оқып жүргенде анасынан айырылған.
1974 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін тәмамдады. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде білім алып, оны 1978 жылы аяқтады.
Еңбек жолын Әдебиет және өнер институтында бастаған. 1978-1984 жылдары осы мекемеде қызмет етті. 1985 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды.
Мәдина Ералиева қазақтың халық әндерін өзіндік нақышпен орындап, кеңінен танытты. Оның репертуарында "Ай-қарагөз", "Ақбаян", "Жылқы ішінде ала жүр", "Кіресің жиі түсіме", "Сағым жылдар" секілді әндер бар.
Әнші 1981 жылы режиссер Болат Атабаевпен отбасын құрды. 1982 жылы олардың Арсен есімді ұлы дүниеге келді.
Өнер саласындағы еңбегі үшін Мәдина Ералиева Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. 1990 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды.
Мәдина Ералиева 2000 жылғы 27 қарашада Қызылорда облысында болған жол апатынан қаза тапты. Оның орындауындағы әндер мен сырлы дауысы қазақ музыкасының тарихында сақталып қалды.