Марқұм әнші Мәдина Ерәлиеваның сіңлісі Сағира Ерәлиева әлеуметтік желідегі парақшасында әпкесінің өмірінің соңғы айларына қатысты әсерлі естелігін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, әнші өмірден өтерінен шамамен жарты жыл бұрын аян түстер көре бастаған. Алайда олардың кейбірін ғана жақындарына айтып отырған. Сағира Ерәлиева бір күні Мәдинаның түсіне Арыстан-баб кіріп, өзін шақырғанын жазды. Осы түстен кейін әнші таңертең көлігіне отырып, кесенеге барып, Құран бағыштаған.
"Мәдинаш шамамен жарты жылға жуық аян түстер көре бастаған... Бірін айтса, бірін айтпады.. Бір күні Арыстан-баб түсіне кіріп, "келмейсің бе күтіп отырмыз ғой", – деген дауысын естіген Мәдинаш таңертең машинасына отырып кесенесіне құран бағыштауға тартып отырған... Байқасаңыз суретте қобалжып отыр... Ойлап отырсам, жарты жылға жуық, дайындалып жүріпті... Мешітке жиі барып, маған құран кітапшалар әкеле бастады. "Мешітке бардым,мамаға құран бағыштадым", - десем, "дұрыс-дұрыс, құран бағыштап тұр", - деп қуанып қалатын... Кейбір ескертулеріне, сөздеріне қарап "бұған не болған, қартаяйын деген бе", - деп ойлап қоятынмын...", деп жазды.
Әнші соңғы сапарға аттанардан бірнеше күн бұрын сіңлісі мен оның балаларына бірнеше жылға жететіндей киім сатып алып, оқу ақысын да алдын ала төлеп кеткен. Бұдан бөлек, бас киім іздеп, сіңлісінің үйінің жанына гараж салдырып, оған ұлы Арсеннің көлігін кіргізіп қойған.
"Сол жолы жолға шығуға екі-үш күн қалғанда жүгіріп жүріп балаларыма, өзіме 4-5 жылға жететіндей (қалың,жұқа) киімдер алып, оқуымның ақшасын төлеп тастады. Асығып, басыма қалың бас киім іздеді. Бір-екі апта бұрын үйімнің жанына гараж құрғызып, Арсеннің бір машинасын, "керек емес" дегенімізге қоймай гаражға кіргізіп кетті... Арсен екеуміз соңғы сапарға шығарып салып тұрғанда, Арсеннің қасында өзің болшы, - деді... Мен бірақ суық хабарды естігенде өз үйімде жүргенмін..! Құрметті достарым, Мәдинаштың қазасына байланысты небір алыпқашпа сөздерден гөрі, өзімнің айтқаным дұрыс деп шештім...", деді ол.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде марқұм әнші Мәдина Ералиеваның жеке күнделігінен алынған жазба жарияланып, көпшіліктің назарын аударған. Сондай-ақ белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі марқұм әнші Мәдина Ералиева туралы жан тебірентер естелігін бөліскен еді. Сонымен бірге Мәдина Ералиеваның ұлы Арсен Ералиев анасының өмірден өткен сәтін қалай естігенін айтып берген.
Мәдина Ералиева кім?
Мәдина Есмалайқызы Ералиева – қазақ эстрадасында ерекше орындаушылық мәнерімен танылған, нәзік әрі сыршыл дауысымен халықтың жүрегінен орын алған белгілі әнші. Ол 1954 жылғы 2 тамызда Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген.
Әншінің әкесі Ерәлі Есмалай тарих пәнінен сабақ беріп, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. Анасы Дариға Ыбырайқызы тігіншілікпен айналысқан. Мәдина сегізінші сыныпта оқып жүргенде анасынан айырылып, бұл қайғылы жағдай оның өмірі мен мінезіне үлкен әсер еткен.
1974 жылы ол Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищенің музыка бөлімін тәмамдады. Кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде білім алып, оны 1978 жылы аяқтады.
Еңбек жолын Әдебиет және өнер институтында бастады. Мәдина Ералиева бұл мекемеде 1978–1984 жылдары қызмет етті. 1985 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болды.
Мәдина Ералиева қазақтың халық әндерін өзіндік нақышпен орындап, тыңдарманға жаңаша қырынан жеткізе білді. Оның репертуарындағы «Ай-қарагөз», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр» секілді халық әндері кеңінен танылды. Сонымен қатар «Кіресің жиі түсіме», «Сағым жылдар» және басқа да қазақ композиторларының шығармаларын ерекше сезіммен орындады.
Әншінің шығармашылығы сыршылдығымен, қарапайымдылығымен және жүрекке жақын табиғилығымен ерекшеленді. Ол халық әндерінің көркемдік болмысын сақтай отырып, оларға өзіндік үн мен жаңа тыныс бере білді. Соның арқасында Мәдина Ералиева ұлттық ән өнерінің кеңінен насихатталуына елеулі үлес қосты.
1981 жылы әнші режиссер Болат Атабаевпен отбасын құрды. 1982 жылы олардың Арсен есімді ұлы дүниеге келді.
Өнер саласындағы жетістіктері үшін Мәдина Ералиева Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды. 1990 жылы оған Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Кейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атанды.
Мәдина Ералиева 2000 жылғы 27 қарашада Қызылорда облысындағы Майлыбас қиылысы маңында болған жол апатынан қаза тапты. Алайда оның орындауындағы әндер мен қайталанбас сырлы дауысы халық жадында мәңгі сақталып қалды.
Бүгінде Мәдина Ералиеваның есімі қазақ ән өнеріндегі нәзіктік пен шынайылықтың символы ретінде аталады. Оның шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениеттің құнды қазынасына айналды.