freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қымбатшылық пен жаппай наразылық: Францияда не болып жатыр?

Әлем •
Қымбатшылық пен жаппай наразылық: Францияда не болып жатыр?
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Францияда тұрмыс қымбатшылығы мен мемлекеттік қызметтердің нашарлауына қарсы наразылықтардан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бірқатар қаланың жекелеген аудандарында коменданттық сағат енгізіліп, билік алдағы шерулер кезінде полицияға әскерилерді көмекке тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

17 қазанда өткен шерулер кезінде Париж, Марсель, Лион және өзге қалаларда тәртіпсіздік болды. Кейбір топтар дүкендерді тонап, қоғамдық ғимараттарға зақым келтірген. Лимож қаласындағы тарихи мэрия ғимараты өрттен қатты зардап шекті. Reuters мәліметінше, наразылыққа қатысушылардың басым бөлігі бейбіт шеру өткізгенімен, жекелеген топтар полициямен қақтығысқа барған.

Наразылықтың негізгі себептері – күнделікті шығындардың өсуі, жанармайдың қымбаттауы және білім беру жүйесіндегі мәселелер. Оқушылар мектептерді қаржыландырудың жеткіліксіздігіне, ғимараттардың тозуына, мұғалім тапшылығына шағымданған. Кейбірі сабақ кестесінің ауырлығына және жоғары оқу орнына түсу тәртібіне де наразы. Бұл туралы Associated Press жазды.

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню биліктің алғашқы тәртіпсіздіктерге тойтарыс беру кезінде қателік жібергенін мойындады. Оның айтуынша, қауіп туралы алдын ала ақпарат жинау мен полиция күштерін орналастыруда кемшіліктер болған. Үкімет алдағы сенбіге жоспарланған шерулер қарсаңында қауіпсіздікті күшейтпек.

21 қазандағы мәлімет бойынша, 17 қазандағы оқиғалардан кейін шамамен 2,5 мың адам ұсталған. Әділет министрі Жеральд Дарманен 917 күдіктінің ісі қылмыстық қудалау үшін жолданғанын, 174 адамның түрмеге қамалғанын хабарлады.

Президент Эмманюэль Макрон бейбіт наразылық білдірушілердің талаптарын тәртіпсіздік жасағандардың әрекетімен шатастырмау керегін айтты. Ол азаматтардың әлеуметтік мәселелерге қатысты шағымдары орынды екенін мойындап, зорлық-зомбылықты айыптады.

Әзірге наразылықтың басылатын түрі жоқ. Студенттік ұйымдар мен "Сары кеудешелілер" қозғалысы 24 қазанда жаңа шерулер өткізуді жоспарлап отыр. Ал кәсіподақтар қымбатшылық пен мемлекеттік қызметтерге бөлінетін қаржының қысқаруына қарсы 5 қарашада жалпыұлттық ереуіл ұйымдастыру ниетінен бас тартпаған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу