Алматыда 22 қазанда "Қалқаман-2" тұрғын үй кешеніндегі 594 пәтерге жеңілдетілген ипотека бойынша өтінім қабылдау басталады. Құжаттар 2 қарашаға дейін қабылданады, деп Malim.kz тілшісі Отбасы банктің ресми хабарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Пәтерлер қай жерде орналасқан?
Баспана Наурызбай ауданындағы Достық ықшамауданында, Ілтипат көшесі, 42а мекенжайындағы тұрғын үй кешенінен ұсынылады. Пәтерлер таза әрленген күйде сатылады. Бір шаршы метрінің бағасы – 359 мың теңге.
Отбасы банктің Baspana Market порталында мынадай бағалар көрсетілген:

Кімдер өтінім бере алады?
Қатысуға тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған Отбасы банк салымшылары жіберіледі. Қарыз алу үшін жинақ шотында несие сомасының кемінде 10 пайызы болуы қажет.
Іріктеу кезінде азаматтың тұрғын үй кезегіне тұрған күні ескеріледі. Кезекке тіркелген күндері сәйкес келсе, порталда өтінім берген күні мен уақыты шешуші болады.
Кімдерге басымдық беріледі?
Пәтерлердің 70 пайызы басым құқық берілген санаттарға бөлінеді. Олардың қатарында ардагерлер, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелейтін отбасылар, жесірлер, көпбалалы отбасылар мен марапатталған көпбалалы аналар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Соның ішінде жалпы баспананың 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы кезекте тұрғандарға қарастырылған.
Өтінімді қайда береді?
Өтінім Otbasybank.kz порталындағы нысан парақшасында қабылданады. Нысан коды – 10439.
Өтінім қабылдау мерзімі – 2026 жылғы 22 қазаннан 2 қарашаға дейін. Қатысушыларды іріктеу күні – 3 қараша.