freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Киімім де жоқ": Роза Рымбаева марқұм күйеуімен танысқан сәтін еске алды

Қоғам •
"Киімім де жоқ": Роза Рымбаева марқұм күйеуімен танысқан сәтін еске алды
Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Тасқын Оқапов. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева марқұм жолдасы, белгілі музыкант әрі дирижер Тасқын Оқаповпен алғаш қалай танысқанын айтып берген. Әнші өнердегі жетістіктеріне күйеуінің қосқан үлесі зор екенін жеткізген, деп хабарлайды Malim.kz.

Роза Рымбаева 2019 жылы "Дара жол" бағдарламасына берген сұхбатында Алматыға алғаш келген кезін еске алған. Оның айтуынша, сол уақытта үлкен сахнаға шығуға арнайы концерттік киімі де болмаған.

Жас әнші өнер байқауына мектепке киіп жүрген ақ көйлегі мен аяқкиімін киіп қатысқан. Ал көрермендер арасында оның болашақ жары Тасқын Оқапов отырған.

"Егер Тасқын болмағанда, сахнада, өнерде жүрмес едім. Себебі алғаш Алматыға келіп, байқауға қатысқан кезде менің концерттік костюмім де болмаған. Мен мектепке киіп жүрген ақ көйлегіммен, ақ босоножкаммен үлкен оркестрмен байқауға қатысқам. Менімен сайысқа түскендердің бәрі – ересек әншілер. Киімім де жоқ. Осылай ән айтып, жеңіп шыққан кезде залда Тасқын отырған ғой", – деп еске алған өнер иесі.

Тасқын Оқапов Роза Рымбаеваны кездейсоқ көріп қалған

Әншінің сөзінше, Тасқын Оқапов сол күні концертке арнайы Розаны тыңдау үшін бармаған. Ол оркестр музыканттарымен кездесуге келісіп, оларды күтіп отырған кезде жас әншінің өнеріне куә болған.

Алғашқы кездесуді Тасқын Оқаповтың өзі де көзі тірісінде берген сұхбаттарының бірінде баяндаған.

"Роза Алматыға алғаш рет көркемөнерпаздар фестивалінің қатысушысы ретінде 1975 жылы келген еді. Оны алғаш көргенде осындай ғажайып дауыс иелері де болады екен-ау деп таңдандым. Министр Еркінбеков мені үш рет шақырды. Сосын келістім. Бірақ "Семейдегі әнші қыз Роза келсе ғана жұмыс істеймін" деп шарт қойдым", – деген еді марқұм музыкант.

Осы кездесуден кейін Тасқын Оқапов жас әншінің шығармашылығына қызығушылық танытып, оның Алматыға келуіне ықпал еткен.

Кейін Роза Рымбаева бірнеше өнер байқауына қатысып, кәсіби әншілік жолын жалғастырған. Уақыт өте келе екеуінің арасындағы шығармашылық байланыс отбасылық өмірге ұласқан.

"23 жыл бойы Тасқынның мектебінен өттім"

Роза Рымбаева марқұм күйеуін өмірлік серігі ғана емес, өнердегі басты ұстазы ретінде де бағалаған.

Әншінің айтуынша, Тасқын Оқапов оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген.

"Тасқын екеуміз 23 жыл өмір сүрдік. 23 жыл бойы мен Тасқынның мектебімен сахнада жүрдім. Кәсіби білім алдым. Сонымен Рымбаева болып шыға келдім", – деген әнші.

Роза Рымбаева мен Тасқын Оқапов қазақ өнеріндегі танымал отбасылардың бірі болды. Олардың ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев та шығармашылық жолды таңдаған.

Роза Рымбаева кім?

Роза Қуанышқызы Рымбаева – қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, көптеген халықаралық байқаудың жеңімпазы. Ол 1957 жылы 28 қазанда Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген.

Әншінің кәсіби өнер жолы 1975 жылдан басталады. Алғашында "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсетіп, кейін "Арай" музыкалық ұжымының солисі болды. Осы кезеңде оның ерекше дауыс мүмкіндігі мен сахналық шеберлігі көпшіліктің назарын аударды.

Роза Рымбаеваның шығармашылық өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі – 1977 жылы Болгарияда ұйымдастырылған "Алтын Орфей" халықаралық ән байқауында Гран-при иеленуі. Бұл жеңіс оның танымалдығын арттырып, қазақ ән өнерінің халықаралық деңгейде кеңінен таныла түсуіне ықпал етті.

Әншінің репертуарында "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сияқты халық сүйіп тыңдайтын шығармалар бар. Әсіресе "Әлия" әні Роза Рымбаеваның орындауымен кеңінен танылып, оның шығармашылық жолындағы ерекше туындылардың біріне айналды.

Өнер иесі бірнеше онжылдық бойы Қазақстанда және шетелдерде концерт беріп, ұлттық музыканы насихаттап келеді. Ол эстрадалық әндермен қатар қазақ композиторларының шығармаларын да орындап, түрлі буын тыңдармандарының ықыласына бөленді.

Роза Рымбаева өнердегі көпжылдық еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған. Сондай-ақ "Парасат", "Құрмет" және "Халықтар достығы" ордендерімен марапатталған.

Көпшілік әншіні "Қазақстанның алтын дауысы", "Қазақ примадоннасы" және "Орта Азия бұлбұлы" деп атайды.

Роза Рымбаева жеке өмірінде де өнермен тығыз байланыста болды. Оның жары, марқұм Тасқын Оқапов белгілі музыкант әрі дирижер болған. Ерлі-зайыптылардың Әли және Мәди есімді ұлдары да музыка саласын таңдады.

Бүгінде Роза Рымбаева қазақ эстрадасының бірнеше буынын байланыстырып тұрған танымал өнер қайраткерлерінің бірі саналады. Оның орындауындағы әндер ұлттық музыканың алтын қорынан орын алып, әлі күнге дейін тыңдарман ықыласына бөленіп келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу