Досыңызбен бір тауар туралы сөйлесесіз, артынша телефоннан соның жарнамасы шыға келеді. Интернеттен іздемеген затыңызды жарнама жүйесі қайдан біледі? Бұл телефонның әңгімемізді тыңдайтынын білдіре ме, әлде басқа себебі бар ма? Malim.kz тілшісі ғылыми зерттеулер мен технологиялық компаниялардың ресми түсіндірмелеріне сүйеніп, осы құбылыстың сырын қарастырды.
1. Ғалымдар 17 мыңнан астам қосымшаны зерттеген
2018 жылы Northeastern University және әріптес зерттеушілер 17 260 Android қосымшасын қамтыған Panoptispyзерттеуін жариялаған. Тексеру барысында қосымшалардың микрофонды жасырын қосып, әңгімені сыртқа жібергені анықталмаған. Алайда кейбір қосымшалардың экрандағы әрекеттерді жазып, үшінші тарапқа жіберетіні байқалған.
Мұнда маңызды шектеу бар: бұл – 2018 жылғы, белгілі бір сынақ жағдайларында жүргізілген зерттеу. Оны "барлық телефон ешқашан тыңдамайды" деген тұжырымға айналдыруға болмайды.
2. Жарнаманың дәл келуі үшін әңгімені тыңдау міндетті емес
Google ресми түсіндірмесінде жекелендірілген жарнаманы таңдауға пайдаланушы туралы мәліметтер, оның қызығушылығы мен интернеттегі әрекеттері қолданылатынын жазады. Іздеу сұраулары, қараған контент және жарнамамен әрекеттесу жүйеге адамның неге қызығатынын болжауға көмектеседі.
Мысалы, адам саяхат туралы видео көріп, қонақүй бағасын қарағаннан кейін досымен демалыс жайлы сөйлесуі мүмкін. Артынша туристік жарнама шықса, оны әңгімемен байланыстырады. Бұл – ықтимал жағдайды түсіндіретін мысал; нақты бір жарнаманың осылай шыққанын жеке тексерусіз айта алмаймыз.
3. "Әңгімелерді тыңдап, жарнама көрсетеміз" деген қызметтің өзі дауға қалған
Тақырыпқа қызық қосымша дерек бар. АҚШ-тың Федералдық сауда комиссиясы – FTC хабарлауынша, Cox Media Group және тағы екі компания смарт құрылғылар естіген әңгімелерге сүйеніп жарнама ұсына алатынын мәлімдеген. Бірақ ведомствоның мәліметінше, олардың қызметі іс жүзінде дауыс деректеріне негізделмеген. Тұтынушыларын жаңылыстырды деген шағымдарды реттеу аясында компанияларға жалпы 930 мың доллар төлеужөніндегі келісімдер бекітілген.
Яғни бұл оқиғаны "телефондардың тыңдайтыны әшкереленді" деп беруге болмайды. Керісінше, тыңдай аламыз деген жарнамалық уәденің шындыққа сай болмағаны туралы дерек.
4. Оқырман өз телефонынан нені тексере алады?
Apple мәліметінше, iPhone экранындағы қызғылт сары индикатор қосымшаның микрофонды пайдаланып жатқанын білдіреді. Android-та камера немесе микрофон қолданылғанда жасыл индикатор көрінеді. Бұл белгілердің жануы өздігінен жасырын тыңдаудың дәлелі емес:олар қоңырау, видео немесе дауыстық хабарлама кезінде де пайда болады.

