Әнші Мәдина Сәдуақасова ұлы Әнуармен бірге Нью-Йоркте түскен суретін жариялап, бұл сапардың баласы үшін ерекше мәні бар екенін айтты, деп Malim.kz тілшісі өнер иесінің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әнші ұлын құшақтап түскен фотосын бөліскен. Суреттің артқы жағынан Нью-Йорктің әйгілі Бостандық мүсіні көрінеді. Өнер иесінің айтуынша, Америкаға бару – Әнуардың көптен бергі арманы.
"Америка, Нью-Йорк 2026. Бұл саяхат ұлымның көптен күткен арманы. Баламның бақытты сәттерін көру – мен үшін ең үлкен бақыт. Арманың асқақ болсын, Әнуарым!" – деп жазды Мәдина Сәдуақасова.
Өнер иесі алдағы уақытта да ұлымен бірге талай елді аралағысы келетінін жеткізді. "Әлі талай әлемді бірге аралайық, бұйырса!" деген әнші оқырмандарына да тосынсый әзірлегенін аңғартқан.
Жазбасының соңында Мәдина пікір жазып, лайк қалдырғандарға Америкадан сыйлық бар екенін айтқан. Ұсынылған скриншотта жарияланымның 16 мыңнан астам лайк жинап, оған 600-ден аса пікір жазылғаны көрінеді.
Мәдина Сәдуақасова кім?
Мәдина Бақытжанқызы Сәдуақасова – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 8 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қызылордада өтіп, сол қаладағы музыкалық училищенің хор дирижерлігі бөлімін үздік бітірген. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарының бірі – 1992 жылы "Әнші балапан" байқауына қатысуы.
Әншінің үлкен сахнада танылуына 1999 жылғы "Жас қанат" байқауы жол ашты. Ол осы додада бас жүлдені жеңіп алып, өзі үлгі тұтқан Роза Рымбаевамен дуэт орындауға мүмкіндік алды. Шығармашылық жолында Президенттік оркестрде және "Гүлдер" ансамблінде ән шырқаған.
Мәдинаның есімін көпшілікке кеңінен танытқан туындылардың бірі – Ермек Елгезековтің "Махаббат жалыны" әні. Осы әнге түсірілген алғашқы бейнебаяны 2004 жылы жарық көріп, тыңдарманның ықыласына бөленді. Репертуарында "Сүйген жүрек", "Сарбаздар", "Жүрегіме бағынбаймын", "Мама" секілді әндер бар.
Өнердегі еңбегі үшін 2011 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алып, 2017 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған. Әншілікпен қатар тележобаларға да қатысып, "Қазақстан дауысы" байқауында тәлімгер, "Топжарған" музыкалық жобасында жүргізуші болған.
Жеке өміріне келсек, Мәдина 2014 жылы режиссер Олжас Смағұловпен шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылардың Әнуар есімді ұлы бар.