Бірін-бірі үнсіз түсінген қос ғашық, айырылысуға қимаған жанар, жылдардан кейінгі кездесу... Кинодағы сезімге сенгенде, кейіпкерлерді сомдаған актерлердің өмірде де бірге болғанын қалайсың. Алайда экрандағы махаббат пен шынайы өмір үнемі қабыса бермейді. Malim.kz тілшісі отандық фильмдердегі есте қалған жұптардың өмірдегі жолына үңілді.
Асылхан Төлепов пен Әлия Әнуарбек: Сартай мен Зеренің сезімі экранда қалды ма?

"Жаужүрек мың бала" дегенде, шайқас көріністерімен бірге Сартай мен Зеренің махаббаты да еске түседі. Ақан Сатаевтың 2012 жылы жарыққа шыққан тарихи картинасында Сартайды Асылхан Төлепов, ал Зерені Әлия Әнуарбек сомдады. Жаугершілік заманда бір-біріне сүйеу болған жастардың сезімі фильмнің лирикалық желісіне айналды.
Сартай үшін Зере – алапат соғыстың ар жағында күтіп тұрған бейбіт өмірдің үмітіндей. Ал Зеренің бойынан нәзіктікпен қатар, сүйгеніне сенетін қайсарлық көрінеді. Сондықтан бұл жұптың көріністері тарихи туындыға жылылық беріп, кейіпкерлерді көрерменге жақындата түсті.
Ал өмірде екеуі отбасы құрған жоқ. Асылхан Төлепов 2017 жылы Айсұлу есімді арумен шаңырақ көтерді. Актердің жары кейін олардың тойда танысқанын айтып берген. Айсұлудың інісі экрандағы Сартайды танып, әпкесінен бірге суретке түсуді өтінген екен. Осылайша, болашақ жұбайлардың танысуына да киноның жанама әсері болған.
Әлияның да жеке өмірі басқа арнамен өрбіді: актриса 2014 жылы тұрмысқа шыққан. Демек, Сартай мен Зеренің махаббаты – екі актердің шынайы қарым-қатынасы туралы дерек емес, олардың сәтті сомдаған экрандық хикаясы.
Баян Алагөзова мен Қуанышбек Әділов: "Махаббат бекетіндегі" кездесу өмірде жалғасты ма?

Пойыз, шағын бекет, алғашқы сезім... Талғат Теменовтің 1993 жылы шыққан "Махаббат бекеті" фильміндегі осы көріністер қазақ көрерменінің есінде сақталды. Гүлназды бүгінгі продюсер Баян Алагөзова, сол кездегі Баян Мұхитденова сомдаса, оның сүйгені Оралдың бейнесін Қуанышбек Әділов алып шықты. Оларға ғашықтық тартыстағы үшінші кейіпкер – Бөпеш Жандаев ойнаған Жеңіс қосылады.
Гүлназ бен Оралдың оқиғасы алғашқы махаббаттың қуанышын ғана көрсетпейді. Онда қызғаныш та, өкініш те, адамның тағдырын өзгертіп жіберетін шешімдер де бар. Жылдар өте қайта тоғысқан жолдары көрерменді "екеуі енді бақытты бола ала ма?" деген ойға жетелейді.
Бірақ бұл экрандық жұп өмірде ерлі-зайыпты болған жоқ. Кейінгі кездесулері туралы айтқан Қуанышбек Әділов олардың араласуын әріптестік тұрғысынан сипаттаған: кездескенде жылы амандасатынын, өзінің театрда, ал Баянның кино мен шоу-бизнесте жүргенін жеткізген. Баянның өмірдегі жұбайы – кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов.
Дегенмен көрермен таныған үштік араға жылдар салып қайтадан бір жобада бас қосты. "Тағдыр бекеті" фильмінде Баян Алагөзова, Қуанышбек Әділов және Бөпеш Жандаев тағы да бірге ойнады. Бұл жолы олар жас ғашықтардың ата-аналарын сомдады. Бір кездегі экран жастарының басқа буын кейіпкерлеріне айналуы бұрынғы фильмді көрген аудитория үшін бөлек әсер сыйлайды.
Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова: бұл жолы экрандағы жұп өмірде де бірге

Бұл жұптың тарихы өзгеше: Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованы кино таныстырған жоқ. Олар ерлі-зайыпты ретінде бір фильмнің басты рөлдерінде көрінді. 2017 жылы жарыққа шыққан "Арман. Когда ангелы спят" драмасын Рашид Сүлейменов түсірген. Жұлдыз фильмде Арманды, Қайрат Құрманды сомдады.
Көрермен үшін мұндағы қызық тек сюжетте емес еді. Сахнада ән айтып жүрген Қайратты драмалық рөлде көру, ал оның жұбайын басты кейіпкер ретінде тану фильмге қосымша назар аудартты. Өмірде бір-бірін жақсы білетін екі адамның камера алдында басқа тағдырды бастан кешуі де осы жұптың ерекшелігі болды.
Сондықтан олар туралы "кинодағы махаббат өмірде жалғасты ма?" деген сұрақтың жауабы басқаша: Қайрат пен Жұлдыздың отбасылық өмірі бұл фильмге дейін басталған. Картина олардың танысу тарихының экранға көшірілген нұсқасы емес, ерлі-зайыптылар бірге қатысқан бөлек драмалық туынды.