freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"20 мың доллардан бастаймыз": тараздық бойжеткен Шакираның көзілдірігін қағып алды

Шоу-бизнес •
"20 мың доллардан бастаймыз": тараздық бойжеткен Шакираның көзілдірігін қағып алды
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Шакираның концертіне барған 22 жастағы тараздық Назифат ерекше естелікпен оралды. Ол Бішкектегі шоу кезінде әнші көрермендерге лақтырған күннен қорғайтын көзілдірікті қағып алып, қуанышын Instagram парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға 18 қазанда өткен концертте болған. Шакираның сахнадан жанкүйерлеріне көзілдірігін лақтыруы оның концерттік дәстүрлерінің біріне айналған. Бұл жолы аксессуар қазақстандық бойжеткеннің қолына түскен.

"Шакираның маған көзілдірігін сыйлау ықтималдығы өте аз, бірақ ешқашан нөлге тең емес!" – деп жазды Назифат алғашқы видеосының астына.

Келесі күні ол әншіден бұйырған естелікті жақыннан көрсетіп, тағы бір видео жариялаған. Бойжеткен әзілдеп, көзілдірікті аукционға шығарып, бастапқы бағасын 20 мың доллардан белгілеуді ұсынған.

Алайда кейін бұл сөзін жұрттың шын қабылдамауын сұрап, аксессуарды сатуға ниеті жоқ екенін түсіндірді.

"Бәрін әзілмен, позитивпен қабылдаңыздар. Біраз көңіл көтерейін. Көзілдірікті сатқалы жатқан жоқпын, уайымдамаңыздар", – деп жазды ол.

Шакираның Бішкектегі концерті қалай өтті?

Шакира Қырғызстанға Las Mujeres Ya No Lloran World Tour әлемдік турнесі аясында келді. "Bishkek Arena" стадионындағы кеш оның Орталық Азиядағы алғашқы концерті болды. Бағдарламада Hips Don’t Lie, Waka Waka және Whenever, Wherever секілді танымал әндері орындалды.

Malim.kz жазғандай, әнші көрермендермен "Кутман кеч, Бишкек! Кандайсыңар?" деп қырғыз тілінде амандасқан. Шамамен бір жарым сағатқа созылған шоуда ол кемінде 13 рет киім ауыстырып, концерттің басым бөлігінде жалаңаяқ билеген. She Wolf композициясы кезінде сахнада алып қасқыр бейнесі пайда болған.

Дегенмен кештің айналасында билет дауы да туындады. Концерт күні кейбір билеттерге жеңілдік жарияланып, ертерек қымбат бағаға алған көрермендердің наразылығын тудырған. Ұйымдастырушылар жеңілдік серіктестер алдын ала сатып алған билеттерге ғана қатысты болғанын түсіндірген.

Қырғызстанның Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің басшысы Эдуард Кубатовтың кейінгі мәліметінше, концертке шамамен 43-45 мың адам келген. Олардың 25 мыңы – 35 елден барған туристер. Шетелдік жанкүйерлердің көбі Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейден келген.

Шакира кім?

Шакира – колумбиялық әнші, ән авторы, биші және музыкалық продюсер. Толық аты-жөні – Шакира Исабель Мебарак Риполь. Ол 1977 жылғы 2 ақпанда Колумбияның Барранкилья қаласында дүниеге келген. Испан және ағылшын тілдеріндегі әндері арқылы әлемге танылды.

Өнерден бөлек, Шакира балалардың білім алуына қолдау көрсетеді. Ол Колумбиядағы балаларға көмектесетін Pies Descalzos қорын құрған және UNICEF-тің ізгі ниет елшісі ретінде қызмет атқарады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу