Қайрат Нұртастың анасы, кәсіпкер Гүлзира Айдарбекова шоу-бизнес өкілдерінің кәсібін сынаған Назгүл Сәтбаеваға жауап берді. Ол өз дүкенінің тазалығына қатысты айтылған пікірмен келіспей, кәсіпкерді танымал адамдардың атын пайдаланып, оқырман жинауға тырысты деп айыптады,, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін Malim.kz кәсіпкер, бизнес жүргізу туралы кітаптың авторы Назгүл Сәтбаеваның мәлімдемесін жариялаған еді. Ол танымал тұлғалар ашқан бірқатар дүкен мен сұлулық салонында болғанын айтып, қызмет көрсету сапасына көңілі толмағанын жеткізген.
Сәтбаева сөз арасында Гүлзира Айдарбекованың дүкенін, Жазира Байырбекованың салонын және Аша Матайдың кәсібін атаған. Оның пікірінше, кейбір өнер өкілдері бизнесте өз танымалдығы мен аудиториясына сеніп, қызмет сапасы мен маман таңдауға жеткілікті назар аудармайды.
Бұл сынға Гүлзира Айдарбекова қарсылық білдіріп, дүкенінің тазалығын қорғады.
"Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты" дегендей, ақылшы болып елді таңғалдырып, атағы бар адамдардың артынан сөйлеп, хайп жинап, подписчик көбейтпей-ақ қойшы. Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен. Осы мін іздеп, тырнақ астынан кір тауып отыратындардан қалдық қой", – деді ол.

Айдарбекова Сәтбаеваны өз ісімен немесе анасының іскерлігімен мақтануға шақырған.
Гүлзира Айдарбекованың пікірінен кейін Назгүл Сәтбаева да жауап берді. Ол ешкімге тиісуді мақсат етпегенін айтып, сынының шығармашылыққа емес, дәстүрлі бизнеске қатысты болғанын түсіндірді.
"Тиісу емес. Сіздің де, Қайраттың да шығармашылығын сыйлаймын. Қатты ұнатамын, тыңдаймын. Шоу-бизнесте сіз №1-сіз! Бірақ мен тек дәстүрлі бизнеске қатысты өз ойымды айттым", – деп жазды Назгүл Сәтбаева.

Гүлзира Айдарбекова кім?
Гүлзира Айдарбекова – қазақстандық кәсіпкер, әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі ұзақ жыл продюсерлік қызметін атқарған тұлға. Ол ұлының өнерге қадам басқан кезінен қолдау көрсетіп, шығармашылық жұмысының ұйымдастырылуына тікелей араласқан. Қайрат Нұртастың сахналық бейнесі мен жеке брендінің қалыптасуына үлес қосып, концерттері мен көрерменмен байланысын ұйымдастыруға атсалысқан.
Гүлзира Айдарбекова кәсіпкерлікпен де айналысады. Оның қызметінің бір бағыты – киім саудасы. Сондықтан ол көпшілікке өнер өкілінің анасы ғана емес, дүкен ісін жүргізген кәсіпкер ретінде де таныс.
Жұбайы – Нұртас Айдарбеков. Ерлі-зайыпты Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеген. Гүлзира әлеуметтік желіде балалары мен немерелері туралы жиі жазып, отбасылық мерекелерден, сапарлардан және күнделікті өмірінен фото-видеолар жариялап отырады.
Ол сұхбаттары мен жазбаларында ана болу, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылардың сыйластығы және отбасылық құндылықтар туралы пікір білдіреді. Өзіне немесе отбасына қатысты айтылған сынға да әлеуметтік желі арқылы жауап беріп отырады.