Қазақстанда 27 мыңға жуық меншік иесінің баспанасы апатты жағдайда немесе тозығы жеткен. Алайда өңірлердің қазіргі реновация жоспарлары олардың жартысын да қамтымайды. Бұл туралы "Әділет" партиясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, елдегі тұрғын үй қорында 61 367 көппәтерлі үй бар. Соның 1 037-сі апатты жағдайда болса, 3 347-сінің тозығы жеткен. Жалпы 4 384 тұрғын үйді жаңарту немесе олардың тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру қажет.
Үш жылда 352 үй бұзылған
2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында соңғы үш жылда өңірлерде апатты және тозығы жеткен 352 үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған.
2025 жылы мәслихаттар мен әкімдіктердің өңірлік реновация бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреттері заңнамалық тұрғыдан күшейтілген. Дегенмен депутат бағдарламалардың орындалу қарқынына көңілі толмайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, "Әділет" партиясының бағдарламасында реновация тетігін күшейтіп, 30 мыңға жуық меншік иесін қауіпсіз баспанаға көшіру көзделген. Ал өңірлердің қазіргі жоспарлары бұл міндетті толық орындауға жеткіліксіз.
Батыс Қазақстанда 334 үйдің үшеуі ғана қамтылмақ
Депутаттық сауалда өңірлер арасындағы айырмашылыққа ерекше назар аударылған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында апатты және тозығы жеткен 334 үй бар. Алайда 2026–2029 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, тек үш үйдің меншік иелерін жаңа баспанаға көшіру қарастырылған. Бұл қажеттіліктің шамамен бір пайызын ғана қамтиды.
Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында мұндай үйлердің 2–19 пайызын жаңарту жоспарланған. Өзге өңірлердегі көрсеткіш 20–75 пайыз аралығында.
Сауалда келтірілген ақпарат бойынша, тек Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері мәселені 2029 жылға қарай толық шешуге дайын екенін білдірген. Бұл жұмысты жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асыру көзделіп отыр.
Қазіргі жоспар меншік иелерінің 42 пайызын ғана қамтиды
Әкімдіктер 2029 жылға дейін апатты және тозығы жеткен үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Депутаттың мәліметінше, бұл көшіруге жататын 26 972 меншік иесінің шамамен 42 пайызын қамтиды.
Осылайша, қазіргі жоспарлар өзгермесе, 15 653 меншік иесі апатты немесе әбден ескірген баспанада қалып қоюы мүмкін.
Ә. Оспанбеков мұндай үйлердегі қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, апатты және тозығы жеткен баспаналардағы өрт адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіреді.
Үкіметке бірыңғай жол картасын әзірлеу ұсынылды
Депутат реновация жобаларының орындалуын бақылау үшін Үкімет жанынан депутаттар мен өңір әкімдері қатысатын арнайы комиссия құруды ұсынды.
Сондай-ақ ол апатты және тозығы жеткен үйлердегі әрбір меншік иесін көшіру мерзімі көрсетілген бірыңғай жол картасын әзірлеу қажет деп санайды. Тағы бір ұсыныс — реновация бағдарламаларының нәтижесін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау көрсеткіштеріне енгізу.
Депутат Үкіметтен сауалда көтерілген мәселелерге заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.