Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін республикалық маңызы бар автожолдардың бірқатар учаскелерінде жүк және қоғамдық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Malim.kz.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше,Ақтөбе облысында17 желтоқсан сағат 21:00-де «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының 273-526 шақырым аралығы (Барбастау ауылынан Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейін) жабылды.
Ал Батыс Қазақстан облысындаосы автожолдың 526-702 шақырым аралығы (облыс шекарасынан Маржанбұлақ ауылына дейін) жүк және қоғамдық көліктер үшін шектелді.
Сонымен қатар, Атырау облысында17 желтоқсан сағат 21:30-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Атырау – Орал – РФ шекарасы» автожолының 178–189 шақырым аралығы (Индер ауылынан Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейін) жүк және қоғамдық көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды.
Барлық учаскелерде жол қозғалысын ертең, 18 желтоқсан күні сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.
Жол мамандары көлік жүргізушілерінен ауа райының қолайсыздығын ескеріп, алыс сапарларды кейінге қалдыруды және тиісті қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалауды сұрайды.