Қырғызстанда жаңа мемлекеттік әнұранға ұсынылған нұсқалар депутаттардың қолдауына ие болмады, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөздің мәліметінше, Парламент отырысында спикер Нурланбек Тургунбек уулу профильдік комитетте қаралған жобалардың бірде-бірі талапқа сай деп танылмағанын айтты. Осыған байланысты әнұран нұсқаларын жалпы парламент палатасының қарауына шығармай, комитет деңгейінде қайта пысықтау туралы шешім қабылданды.
Спикердің сөзінше, мақсат – қолданыстағы әнұранды жай ғана ауыстыру емес, ел рухына сай, шын мәнінде лайықты туындыны таңдау. Ол қазіргі кезде авторлардың көпшілігі әнұранды марш үлгісінде жазып жатқанын сынға алып, мұндай форматты барша жұрт бірдей орындай алмайтынын атап өтті.
"Әнұранның әуені еркін, жеңіл айтылатын болуы керек. Оны тек ресми шараларда ғана емес, халықтық жиындарда, той-томалақта да орындауға мүмкіндік болуы тиіс", – деді ол.
Сонымен қатар Қырғызстан парламенті азаматтарды байқауға белсенді қатысып, өз нұсқаларын ұсынуға шақырды. Спикердің айтуынша, үздік жұмыстарға қомақты сыйақы қарастырылған.