Malim.kz
Қоғам

БҚО-да миллиондаған теңгенің көлік алаяқтығы әшкереленді

Арман Қайыпхан
Фото: freepik

Батыс Қазақстан облысының полицейлері тіркелген жеке кәсіпкерлік арқылы автокөліктерді жалға алу сылтауымен иемденген 26 жастағы облыс орталығы тұрғынының қылмыстық әрекетін әшкерелеп, жолын кесті, деп хабарлайды Malim.kz.

Полицияның мәліметінше, қаскөй көлік иелерімен ұзақ мерзімді жалға алу шартын рәсімдеген. Кейін ол ешқандай заңды негізсіз бұл автокөліктерді өз қарыздарын жабу үшін үшінші тұлғаларға беріп жіберіп отырған.

«Көлік құралдары иелеріне қайтарылмаған, ал жалдау ақысын төлеу тоқтатылған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 15 млн теңгеден асады. Күдікті ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, көрсетпе берді, бұл деректер куәгерлердің айғақтарымен де расталып отыр. Оған қатысты төрт эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Көлік құралдарының қайда екені анықталып жатыр.

Полиция азаматтарды мүлік пен ақшалай қаражатты беру кезінде сақ болуға, сондай-ақ көлік құралдарымен жасалатын операциялардың заңдылығын мұқият тексеруге шақырады.

Біз бұған дейін Қазақстанда алаяқтықтың жаңа тәсілі пайда болғаны жайлы жазған едік.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары