Malim.kz
Қоғам

"Бұдан кейін концерт бермеймін": Роза Әлқожа сахнадан кету туралы ел естімеген шындығын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
instagram.com/roza_alqozha. Суретте: Роза Әлқожа

Белгілі әнші Роза Әлқожа Шымкент қаласында өткен концертіне қарамастан қаржылық пайда көрмегенін айтып, өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазіргі уақытта өнер иесі Қытайдың Гуанчжоу қаласында жүр. Сол жақтан әлеуметтік желі арқылы отандастарына үндеу жасап, көңіліндегі ренішін жеткізген. Әншінің айтуынша, концерттен табыс түспеуі оның шығармашылық жолына әсер етіп, тіпті болашақта сахнаға шығуды тоқтатуы мүмкін екенін де меңзеген.

"Аяқ  астынан Гунчжоуға кетіп қалғаным қандай жақсы болған. Концерттің шығыны мен кірісін айтқан кезде, күлкім келіп жатыр. Шымкенттегі концерттен бір тиын пайда болмады. Баяғыда Қызылорда мен Ақтөбеде Дастан деген жігіт концерт өткізіп, үш жарым миллион қарызын әлі берген жоқ. Қанша жыл болды", – деді әнші.

Әншінің айтуынша, ол атқарған еңбегіне сай қаржылай өтемақы ала алмай жүр. Концерттен түскен кірістің негізгі бөлігі ұйымдастырушылардың қолында қалып, өнер иесіне тиесілі үлес мардымсыз болып отырғанын жеткізді.

"Осындай концерттерге күлкім келеді. Өліп-өшіп халықтың алдына шығатын – мен. Жүргізетін – мен. Елге жауап беретін – мен. Ән салатын – мен. Бірақ пайдасын көретін – ұйымдастырушылар. Мейлі, ары білсін. "Анаған кетті, мынаған кетті, өйтті, бүйтті" дейді. Ұқит-сұқит. Салпақтап жүрген кім? Еңбегін төккен кім?  Шаршап өлейін деп жүрген кім? Бұдан кейін концерт бермеймін-ау!" – деді Роза Әлқожа.

Сондай-ақ бұған дейін Роза Әлқожа марқұм Оразалы мен Ажардың балаларына ерекше құрмет көрсетіп, елдің жүрегін елжіреткенін жазған едік.

Роза Әлқожа туралы

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, әсем даусымен тыңдарман жүрегін жаулаған танымал әнші, ақын әрі композитор . Ол 1981 жылы 1 қазанда Өзбекстанның Амангелді ауылында дүниеге келген.

Әншінің өмірге келуі де ерекше оқиғаға толы болғаны айтылады. Отбасында тұңғыш перзент болғандықтан, ол ата-әжесінің тәрбиесін көріп өседі. Бала кезінен өнерге жақын болып, домбыра үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда топ жарған. Мектепті үздік аяқтап, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында жүріп-ақ ән жазып, өнерге деген қызығушылығын дамытады. Оқуын аяқтаған соң алғашында журналистика саласында еңбек еткен. Кейін өнерге бет бұрып, үлкен сахнаға шығуға шешім қабылдайды.

Оның алғашқы танымалдылығы студенттік сахнада орындаған "Орамалды" әнінен басталды. 2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомын жарыққа шығарды. Әншінің "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" секілді әндері халық арасында кең тарады. Ол қазақтың дәстүрлі әуенін заманауи музыкамен үйлестіре отырып, ерекше стиль қалыптастырды. Сонымен қатар, Роза Әлқожа тек әнші ғана емес, сөз жазатын ақын әрі сазгер ретінде де танылды. Өнер жолында түрлі қиындықтарға қарамастан, жанды дауыспен ән айту арқылы кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Бүгінде ол еліміздің әр өңірінде концерт беріп, тыңдарман ықыласына бөленіп жүрген сүйікті өнер иелерінің бірі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары