Malim.kz
Әлем

Чемоданына құмырсқа салып өтпек болған болған ер адам түрмеге тоғытылды

Мадияр Қапанбек
Unsplash/rajat sarki. Суретте: құмырсқа

Кенияда Қытай азаматы тірі құмырсқаларды заңсыз алып өтпек болғаны үшін түрмеге қамалды, деп Malim.kz тілшісі Black Country Radio сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Чжан Кэцюн есімді азамат наурыз айында Найроби халықаралық әуежайында ұсталған. Қауіпсіздік қызметкерлері оның чемоданынан 2,2 мыңнан астам тірі патшайым бақша құмырсқасын анықтаған.

Сот ер адамды 12 айға бас бостандығынан айырып, сондай-ақ 1 миллион кениялық шиллинг көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Судьяның айтуынша, мұндай қатаң жаза соңғы уақытта жиілеп кеткен құмырсқа контрабандасының алдын алу үшін қажет.

Белгілі болғандай, бұл жәндіктер Еуропа мен Азиядағы қара нарықта жоғары сұранысқа ие. Коллекционерлер оларды арнайы формикарийлерде (жасанды құмырсқа илеулерінде) өсіру үшін қомақты қаражат төлейді.

Алғашында Чжан өз кінәсін мойындамағанымен, кейін көрсетілімін өзгерткен. Оның адвокаты бұл шешімге апелляция берілетінін айтып, қорғауындағы адамның заң бұзғанын білмегенін алға тартты.

Сонымен қатар, құмырсқаларды сатқан кениялық азамат та ұсталған, алайда кейін кепілдікпен босатылған.

Айта кетейік, бұл Кениядағы алғашқы жағдай емес. Өткен жылы да бірнеше адам дәл осындай заңсыз әрекет үшін айыппұл төлеген. Тіпті бельгиялық екі жасөспірім 5 мың құмырсқаны пробиркаларға салып алып өтпек болған кезде қолға түскен.

Бұған дейін АҚШ-тың Техас штатында тұратын 34 жастағы Дэвон Вантерпул стоматологқа қаралғаннан кейін асқынып кеткен сепсис салдарынан екі аяғы мен екі қолынан айырылғанын жазған едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары