Чехия парламентінің жаңадан сайланған төрағасы Томио Окамурасаяси дау туғызды — ол Прагадағы парламент ғимаратының қасбетінде ілулі тұрған Украина туын алып тастауға бұйрық берді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Бұрынғы проеуропалық үкіметтік коалицияның өкілдері бұл шешімді «масқара әрекет» деп атап, наразылық ретінде өз кеңселерінің терезелерінен Украина туын іліп қойды.
«Чех Республикасы — бәрінен маңызды!» — деп түсіндірді өз шешімін Окамура.
Интернетте саясаткердің басқасына баспалдақ ұстап тұрған сәті түсірілген сурет те жарияланды.
Томио Окамура ұлтшыл және оңшыл көзқарастарымен танымал саясаткер. Бұған дейін ол бірнеше рет нәсілшіл ұрандар мен мәлімдемелер жасап, қоғам назарын өзіне аударған.
Сәрсенбі күні ол «Бостандық және тікелей демократия» партиясының лидері ретінде парламенттің төменгі палатасының спикері болып сайланды. Бұл шешімді болашақ коалициялық серіктестері — популистік ANO қозғалысы мен Motoriste sobe партиясы қолдады.
Окамураның әрекеті Чехияда ғана емес, шетелде де сынға ұшырады. Украина Жоғарғы Радасының спикері Руслан Стефанчук 7 қараша түнінде X (бұрынғы Twitter) платформасында:
«Халқы Украинаға әділетті күресте қолдау көрсетіп отырған еуропалық ел парламентінің ғимаратынан украин туын жұлып алу — өте күмәнді әрекет», — деп жазды.
Айта кетсек, Украина туы Чехия парламентінің ғимаратында Ресейдің Украинаға қарсы соғыс бастаған сәтінен кейін ілінген болатын. Ол Чехия, Еуропалық одақ және Израиль туларының қасында желбіреп тұрған еді.