Malim.kz
Қоғам

Демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамы: жаңбыр, қар және +35°С-қа дейінгі аптап күтіледі

Сабина Асқарқызы
astanatv.kz

Қазақстан аумағында алдағы үш күнде ауа райы тұрақсыз сипат алады. Кей өңірлерде жаңбыр қарға ұласса, басқа аймақтарда ауа температурасы +35°С-қа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Мамандардың мәліметінше, еліміздің солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-батысында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағайлы жаңбыр күтіледі. Ал шығыс өңірлерде түнгі уақытта жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын сақталады.

Синоптиктердің нақтылауынша, 23 мамыр күні Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында нөсер жаңбыр, бұршақ және қатты жел болуы ықтимал. 24-25 мамыр түнінде оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашынның қарға ұласу мүмкіндігі бар. Қалған өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Сонымен қатар республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік аймақтарда шаңды дауыл тұруы мүмкін. Түнгі және таңғы уақыттарда тұман түседі деп болжануда.

Солтүстік-шығыс, шығыс және орталық өңірлерде түнгі температура -1…-3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал.

Күндізгі ауа температурасы өңірлер бойынша мынадай болады: батыста +28…+35°С, солтүстік пен орталықта +20…+32°С, шығыста +17…+25°С, оңтүстікте +22…+35°С, ал оңтүстік-шығыста +20…+28°С шамасында сақталады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары