Malim.kz
Қоғам

"Димаш бауырыммен дидарласу бұйырды": Димаш Құдайберген айтыстың абызы Жүрсін Ерманға арнайы сәлем берді (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Қатонқарағайда концерт берген Димаш Құдайберген өнер кешінен кейін айтыстың абызы Жүрсін Ерманға арнайы барып, сәлем берді. Әнші ақынның жағдайын сұрап, денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, ағаларға деген інілік ізетін көрсетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл кездесу туралы айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Instagram парақшасында жазды. Ол Өр Алтайда Димашпен жүздескенін айтып, әншіге арнаған жыр жолдарын жариялады.

"Өр Алтайдың төрінде Димаш бауырыммен дидарласу бұйырды. Кешегі айтыста бір қайырым айтып едім", – деп жазды ақын.

Айтыскер ақын кездесу барысында Димаш Құдайбергенге өлең арнап, сол сәтте оқып берді.

"Ақынның адалдығы аңқып тұрса,
Қаймағын қара сөздің қалқып тұрса.
Күліктер аламанда құстай ұшып,
Жігіттер көк серкені тартып тұрса.
Қағандар жазығында алау жағып,
Қызуы бет жүзіңді шарпып тұрса.
Жезтаңдай әншілерім ән салғанда,
Қайың иіп, қарағай балқып тұрса.
Той-думанның төресі сол емес пе,
Беделің, абыройың артып тұрса.
Дидахметті тудырған Өр Алтайым,
Димаштың әніменен шалқып тұрса", – деді ақын.

Желі қолданушылары Димаш Құдайбергеннің Жүрсін Ерманға арнайы барып, хал-жағдайын сұрағанын жоғары бағалап, әншінің үлкенге құрметін үлгі етті.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берген еді. Сонымен қатар әншінің ұстазы Марат Әйтімов 2019 жылы берген сұхбатында әйгілі шәкірті туралы естеліктерін бөліскен.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ музыка өнерін әлемге танытқан әйгілі әнші. Ол кең дауыс диапазоны, ерекше орындаушылық шеберлігі және сахнадағы қайталанбас болмысымен халықаралық тыңдарманның ықыласына бөленді.

Өнер иесі 1994 жылы Ақтөбе қаласында шығармашылық отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да музыка саласында еңбек еткен. Сондықтан Димаштың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасты.

Ол кішкентайынан сахнаға шығып, түрлі музыкалық байқауларға қатысты. Табиғи талантымен, дауыс мүмкіндігімен және өзін еркін ұстауымен ерте жастан көпшіліктің назарын аударды.

Димаштың басты ерекшелігі – бірнеше октаваны қамтитын сирек кездесетін дауыс диапазоны. Ол классикалық туындыларды, эстрадалық шығармаларды және халық әндерін жоғары шеберлікпен орындайды.

Әнші қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және өзге де тілдерде ән шырқап, әлемнің әр түкпірінен жанкүйер жинады. Оның түрлі музыкалық жанрларды еркін меңгеруі халықаралық сахнада жоғары бағаланды.

Димаштың шетелде кеңінен танылуына "Славян базары" халықаралық байқауындағы жеңісі ықпал етті. Ол аталған өнер додасында бас жүлдені иеленіп, халықаралық музыкалық ортаға танылды.

Кейін Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, ерекше вокалдық мүмкіндігімен миллиондаған көрерменді тәнті етті. Бұл жоба оның әлемдік деңгейдегі танымалдығын арттыра түсті.

Қазіргі таңда Димаш Құдайберген Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық өнерін жаһандық аудиторияға танытып жүрген ең танымал өнер иелерінің бірі саналады. Ол қазақ тілін, дәстүрлі музыканы және елдің рухани құндылықтарын әлемге насихаттап келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары