freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Менен жаман қорқады": Димаш Құдайбергеннің ұстазы ел естімеген шындықты айтты

Қоғам
"Менен жаман қорқады": Димаш Құдайбергеннің ұстазы ел естімеген шындықты айтты
Malim.kz коллажы. Суретте: Марат Әйтімов пен Димаш Құдайберген

Әлемге танылған әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов Stan.kz тілшісіне 2019 жылы берген сұхбатында әйгілі шәкірті туралы естеліктерін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Миллиондаған тыңдарманның сүйіктісіне айналған Димаш үшін Марат Әйтімовтің орны бөлек. Әнші ұстазының әр сөзін бағалап, ерекше құрмет көрсетеді. Ал Марат Әйтімов мұны шәкіртінің тәрбиесімен және болмысымен байланыстырады.

Ұстаздың айтуынша, Димаш – сирек кездесетін дарын иесі. Ол әншінің талантымен қатар, бойындағы тәрбиесі мен адамгершілік қасиетін де ерекше атап өтті.

"Мысы басады деген әңгіме сыйлағандықтан болар. Димаш – мың жылда біртуар, Құдай маңдайынан сүйген ерекше бала. Он жерден сен тәрбиелі, көрегенді болғаныңмен, Алла саған талант бермесе, ештеңеге қол жеткізе алмайсың деп ойлаймын. Оның үстіне бұл балада атасы мен әжесінің тәрбиесі бар. Қандай көергенді! Үлкенді сыйлап, бүлдіршіндерді бауырына басып жүреді. Ол Ақтөбеге келген сайын көріп жатырмын десем өтірік айтқан боламын. Мүмкіндік болса, міндетті түрде соғып кетуге тырысады. Жұмысқа соқса, даусын көріп, қандай жағдайда екенін қараймын. Ерекше сыйлық жасағаны рас. Бірақ мен біреулер секілді пәленше маған берді деп айтқан емеспін. Сыйлық алдым", – деді Марат Әйтімов.

Димашқа төрт жыл бойы жеке сабақ берген ұстазы оның бүгінгі жетістігін үздіксіз еңбектің нәтижесі деп бағалайды. Оның сөзінше, нағыз өнер иесі болу үшін тек дауыс жеткіліксіз, еңбекқорлық пен мінез де маңызды.

"Біз балаларды жекелеп оқытамыз. 45 минут бойы жалғыз бала аптасына төрт рет сабақ алады. Маған келген балаларды бірден байқауға жібермеймін. Қазір "әу" дегеннің бәрі әннің соңына түсіп желпілдеп, ата-анасы еріп жүреді. Ол бала лауреат сыйлығын алу керек. Сөздің шыны керек, музыканың, ән айтудың парқын білмегендер алысқа бармайды. Димаш үнемі ізденісте жүреді. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін де жақсы мінез болу керек. Димаш ойыңды тез түсінеді. Онымен жұмыс жасау қиын болған жоқ. Әлем мойындап жатыр. Қазақ елі үшін үлкен мақтаныш", – деді ұстазы.

Марат Әйтімов Димаштың әріптестері тарапынан айтылатын түрлі пікірлерге жауап бермей, сабыр сақтайтынын да айтты. Оның пікірінше, үлкен болашағы бар адамның болмысы да байсалды болуы керек.

"Әріптестері тарапынан неше түрлі нәрселер айтып жатса да, оған ешқандай жауап қайтарып жатқан жоқ. Өнерде жүрген аға-апаларымыз секілді интернетте, БАҚ арқылы арпылдасып, ешкімді ғайбаттап көрген емес. Болашағы үлкен адамның болмысы да солай болу керек", – деді ол.

Әншінің отбасына жақын адамға айналған ұстазы Димаштың өзінен сескенетінін де әзілмен жеткізді. Айтуынша, білім беру кезінде ол барлық шәкірттеріне қатал болған.

"Қанаттан ығатын болуы мүмкін. Сосын менен ығады. Менен жаман қорқады (күліп). Білім алған кезде жалғыз Димашқа емес, барлық балаларыма қаттымын. Қатты болмасаң белгілі бір кәсіби сатыға көтерілу мүмкін емес. Жеке өмірі жайында аздап айтатын кездер болады. Мен қазбалап сұрамаймын. Тек кеңес беремін. Баламдай болғаннан кейін ертең бармағын тістемейтін, жөні түзу қызбен бас қосқанын қалаймын. Біз саясат жайында айтпаймыз. Ұлт жайында, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтамыз. Димаштан кейін де жақсы шәкірттер бітіріп жатыр. Олардың көпшілігі опера жолын таңдады", – деді Марат Әйтімов.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берген еді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева ұлы Димаш Құдайбергеннің болашақ жарына қатысты пікір білдірген болатын. Бұған дейін Динара Сәтжанның бағдарламасына қатысқан Сабина Мовлаева мен Димаш Құдайбергеннің жасанды интеллект арқылы жұп ретінде көрсетілген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемдік деңгейге танытқан бірегей әнші, ерекше дауыс иесі. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Димаш бала кезінен музыкаға жақын болып өсті. Ата-анасының өнер саласында болуы оның шығармашылық жолды таңдауына үлкен әсер етті.

Димаш сахнаға өте ерте шыққан. Бес жасынан бастап түрлі өнер байқауларына қатысып, табиғи дарынымен және өзгеше дауысымен көпшіліктің назарын аударды. Уақыт өте келе ол кәсіби білім алып, вокалдық қабілетін дамытып, үлкен сахнаға жол ашты.

Әншінің басты ерекшелігі – дауыс диапазонының кеңдігі. Димаш бірнеше октаваны еркін орындай алады. Ол классикалық туындыларды да, эстрадалық әндерді де, халық шығармаларын да жоғары деңгейде шырқайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және басқа да тілдерде ән айтып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленді.

Димаштың халықаралық деңгейде танылуына «Славян базары» байқауындағы жеңісі ерекше ықпал етті. Осы өнер додасында Гран-при иеленгеннен кейін оның есімі шетелдік көрерменге кеңінен таныла бастады. Кейін Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, ерекше орындау мәнерімен миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулады.

Қазіргі таңда Димаш Құдайберген – көптеген халықаралық марапатқа ие болған танымал өнер иесі. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, қазақ мәдениеті мен музыкасын әлемге насихаттап жүрген тұлға ретінде жоғары бағаланады. Димаш тек ерекше даусымен ғана емес, қазақ тілін, ұлттық өнерді және ел мәдениетін жаһандық сахнада танытып жүрген әнші ретінде де құрметке ие.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу