Malim.kz
Қоғам

"Димашпен сөйлескенбіз, оны жасырмаймын": Танымал актриса ел білмейтін құпиясын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
kznews.kz коллажы

Динара Сәтжанның бағдарламасына қатысқан Сабина Мовлаева мен Димаш Құдайбергеннің жасанды интеллект арқылы жұп ретінде көрсетілген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Бағдарлама барысында Сабина Димашпен бала кезден таныс екенін айтты. Оның сөзінше, олар бір уақытта көрші тұрған және бұрын бірге жұмыс істеген кездері де болған.

"Сіздер білесіздер ме, білмейсіздер ме, біз Димаш екеуміз жас күнімізде 8 жыл бойы филармонияда бірге жұмыс істедік. Ақтөбеде көрші болдық, бірге жұмыс істедік. Димашты қатты танимын. Сондай-ақ біз 1-2 рет кездесуге барғанбыз, оны жасырмаймын", – деді ол.

Алайда эфирден кейін желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі Сабинаны қолдап, оның Димашпен бұрыннан таныстығын жылы қабылдаса, енді бірі блогерге қатысты сын пікірлер жазған.

Әлеуметтік желідегі талқылау әсіресе жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоға байланысты күшейе түсті. Көпшілік бұл көріністі әртүрлі қабылдап, пікір білдіріп жатыр.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берген еді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева ұлы Димаш Құдайбергеннің болашақ жарына қатысты пікір білдірген болатын.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын әлемдік сахнаға алып шыққан ерекше дауыс иесі, халықаралық деңгейде танылған әнші. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында өнерге жақын отбасында дүниеге келген. Ата-анасының музыка саласымен байланысы Димаштың бала кезінен өнерге бейім болып өсуіне ықпал етті.

Әнші сахнаға ерте жастан шықты. Бес жасынан бастап түрлі байқауларға қатысып, өзінің табиғи талантымен және ерекше дауысымен көпшіліктің назарын аудара бастады.

Димаш Құдайбергеннің басты ерекшелігі – кең дауыс диапазоны. Ол бірнеше октаваны еркін меңгеріп, классикалық шығармаларды, эстрадалық әндерді және халық әндерін жоғары деңгейде орындайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерінде ән шырқап, әлемнің әр түкпіріндегі тыңдарманның ықыласына бөленді.

Әншінің халықаралық сахнада кеңінен танылуына "Славян базары" байқауындағы жеңісі үлкен әсер етті. Осы өнер додасында Гран-при иеленгеннен кейін Димаштың есімі шетелдік тыңдарманға таныла бастады. Кейін ол Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, ерекше орындау мәнерімен миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады.

Бүгінде Димаш Құдайберген көптеген халықаралық марапатқа ие болған өнер иесі. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, ел мәдениетін әлемге танытып жүрген бірегей тұлға ретінде жоғары бағаланады. Димаш тек вокалдық қабілетімен ғана емес, қазақ тілі мен мәдениетін жаһан жұртына насихаттап жүрген әнші ретінде де ерекше құрметке ие.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары