Malim.kz
Қоғам

"Димашжан, қашан үйленесің?" – Әнші елдің көкейіндегі басты сұраққа жауап берді

Мадияр Қапанбек
instagram.com/kudaibergenov.dimash. Суретте: Димаш Құдайберген

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берді. Өнер иесінің қашан үйленетіні көпшілікті бұрыннан қызықтырып келеді, деп Malim.kz тілшісі 24.kz арнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әншінің айтуынша, бұл сауал қазір оның күнделікті өмірінде жиі айтылатын тақырыпқа айналған. Әсіресе соңғы кезде қайда барса да, айналасындағылардың осы сұрақты қоятынын жасырмады.

Димаштың сөзінше, Қазақстанға келген сәттен бастап әуежайдағы паспорт тексеретін қызметкерлер де, күтіп алушылар да, жүргізушілер де оның үйлену мәселесін сұрайды. Тіпті үйге келгеннен кейін жақындары да таңғы, түскі, кешкі ас үстінде осы тақырыпты қозғайтын көрінеді.

"Қазақстанға келгенде паспорт тексеретін аға-әпкелерімізден бастап: "Димашжан, қашан үйленесің?" деп сұрайды. Күтіп алушылар, жүргізушілер де осы әңгімені қозғайды. Үйге келсем, таңғы, түскі, кешкі ас кезінде жақындарым сұрайды. Достарым да қызығады. Әр нәрсенің өз уақыты бар ғой. Ең бастысы – таңдауыма өте жауапкершілікпен қарағым келеді. Себебі сезімге беріліп, бір қыздың тағдырына әсер етіп қоюдан қорқамын. Қыз баланың қадірін қастерлеу керек деп ойлаймын. Үйленгеннен кейін сол адаммен бірге қартайып, бақытты ғұмыр кешуді армандаймын", – деді Димаш Құдайберген.

Димаш Құдайберген туралы

Димаш Құдайберген – қазақ өнерін әлемге танытып жүрген бірегей дауыс иесі, халықаралық сахнада мойындалған әнші. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі мен анасының музыка саласына жақын болуы Димаштың бала күнінен өнерге құштар болып өсуіне әсер етті.

Әнші кішкентай кезінен сахнаға шығып, бес жасынан бастап түрлі байқауларға қатыса бастады. Сол кездің өзінде оның табиғи таланты мен ерекше дауыс мүмкіндігі көпшіліктің назарын аудартты.

Димаштың басты ерекшелігі – өте кең дауыс диапазоны. Ол бірнеше октавада еркін ән шырқап, классикалық музыка, эстрада және халық әндерін бірдей шебер орындайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерінде ән айтып, әртүрлі елдің тыңдарманын баурап алды.

Әншінің халықаралық деңгейде танылуына "Славян базары" байқауындағы жеңісі ерекше ықпал етті. Осы байқауда Гран-при иеленгеннен кейін Димаштың есімі әлемдік сахнада кеңінен таныла бастады. Кейін Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, қайталанбас орындау мәнерімен миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді.

Димаш Құдайберген бүгінде көптеген халықаралық марапаттың иегері. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болып, ел мәдениетін жаһандық деңгейде танытып жүрген өнер иесі ретінде жоғары бағаланады. Әнші тек вокалдық шеберлігімен ғана емес, қазақтың мәдениеті мен тілін әлемге насихаттаған тұлға ретінде де ерекше құрметке ие.

Бұған дейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева ұлы Димаш Құдайбергеннің болашақ жарына қатысты пікір білдірген еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары