Malim.kz
Әлем

Дрон шабуылы: Санкт-Петербург тұрғындарына үйден шықпау ескертілді

Арман Қайыпхан
Фото: Астра агенттігі

Ресейдегі Санкт-Петербург қаласының губернаторы Александр Беглов тұрғындарға үйлерінен шықпауға және көшеге шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, жедел штабтың ұсынымдарына сәйкес мұндай шара қауіпсіздік мақсатында қабылданған.

«Оперативтік штабтың ұсыныстарына сәйкес петербургтіктерден үйлерінде қалып, сыртқа шықпауын сұраймын. Мобильді интернет жұмысы уақытша бұзылуы мүмкін», – деп жазды Беглов Telegram-арнасында.

Аталған жағдайға байланысты 6 маусым күні таңертең Санкт-Петербург пен Ленинград облысы аумағы дрон шабуылына ұшырағаны хабарланды. Аймақ билігі 141 ұшқышсыз аппарат атып түсірілгенін мәлімдеді.

Ленинград облысындағы Большая Ижора елді мекені маңында өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ Лужский, Волосовский және Ломоносовский аудандарында қалдықтар құлағаны айтылды.

Сондай-ақ, ASTRA басылымының дерегінше, шабуыл нысандарының қатарында Кронштадт теңіз кадет әскери корпусы мен Ресейдегі суасты қаруын әзірлеумен айналысатын негізгі ғылыми-зерттеу институттарының бірі – Теңіз жылутехникасы ғылыми-зерттеу институты болуы мүмкін екені хабарланды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары