Қазақстандық танымал әнші Медеу Арынбаев жеке өмірі мен екінші рет шаңырақ көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі ұзақ уақыт жалғыз өмір сүруге үйреніп қалғанын айтып, болашақта отбасын құру мүмкіндігін жоққа шығармады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әнші бұл туралы Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі. Медеу Арынбаевтың айтуынша, көпшілік әлі күнге дейін оның жеке өміріне қызығушылық танытып, қайта үйленген-үйленбегенін сұрайды. Әсіресе жасы үлкен тыңдармандары кездескен сайын оған отбасы құру туралы кеңес береді екен.
"Мықты болудан шаршадым"
Өнер иесі мұндай сұрақтарға кейде әзілмен жауап беретінін жасырмады.
"Үлкен 70-80 жастағы апалар әуежайда көріп қалса, "Әй, үйлендің бе?" деп қояды. "Өй, апа, екі рет үйленіп, екі рет ажырасып кеттім ғой. Болмады", – деймін. "Өйбу, білмей қалдық қой" деп жатады. Оларға қарап күлемін", – деді әнші.
Ол өмірде кез келген өзгеріс болуы мүмкін екенін айтып, қайта үйленуге қатысты нақты шешім қабылдамағанын жеткізді.
"Бәрі мүмкін. Бұл өмірде бәрі мүмкін. Мықты болудан шаршадым. Адал болудан да жалығасың. Мен бір жағынан еркіндікке үйреніп қалдым. Біреу "қайдан келдің, қайда бара жатырсың?" деп күліп айтса да, жымиып айтса да, маған жат болып қалды", – деді Медеу Арынбаев.
Әншінің сөзінше, жалғыз өмір сүру оның күнделікті дағдысына айналған. Сондықтан біреуге есеп беріп, әр қадамын түсіндіру бұрынғыдай үйреншікті нәрсе емес. Дегенмен өнер иесі болашақта жеке өмірінде өзгерістер болуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ.
"Алпысқа толып алайын, көп нәрсе өзгереді"
Сұхбат барысында Медеу Арынбаев алдағы өмірден не күтетінін де айтып берді. Оның басты армандарының бірі – немере сүйіп, бақытты қартаю.
Сонымен қатар әнші өнердегі орнын сақтап, тыңдарман жүрегінде қалғысы келетінін жеткізді.
"Арманым – әдемі қартаю. Келешекте немере сүю. Өнерде жай әнші емес, нағыз әнші болып қалу. Бақытты болу. Оның ішінде бәрі бар", – деді ол.
Өнер иесі болашақта жаңа сезімге жолығу мүмкіндігін де жоққа шығармайтынын айтты.
"Мен әуестенбейтін жандар жоқ дейсің бе? Әуестенемін. Алпысқа толып алайын, көп нәрсе өзгереді. Біз де пендеміз. Бақытты болғымыз келеді", – деп түйіндеді әнші.
Еске сала кетейік, Медеу Арынбаев марқұм жұбайы Айгүлді еске алып, жүрек сырын ақтарған.
Медеу Арынбаев кім?
Медеу Арынбаев – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1967 жылы 5 наурызда қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі 1990 жылы Ташкент қаласындағы эстрадалық студияны тәмамдаған. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыкалық-педагогикалық факультетінде білім алған.
Әншілік мансабын "Гүлдер" ансамблінде жалғастырған Медеу Арынбаев кейін танымал "АБК" тобының құрамында өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды. Ол бұл топта Қыдырәлі Болманов және Ерлан Көкеевпен бірге ән шырқаған.
Медеу Арынбаев әншілігімен қатар композитор ретінде де танымал. Шығармашылық жолында бірнеше халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болған. 2002 жылы "Алтын адам" ұлттық сыйлығын алып, 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Әншінің жеке өмірі де көпшілік назарынан тыс қалған емес. Оның жұбайы Айгүл Үмбетәлиева 2010 жылы дүниеден өткен. Ерлі-зайыптылардың Дәулет есімді ұлы мен Даяна есімді қызы бар.
Өнер иесі түрлі сұхбаттарында марқұм жарына деген сағынышын, балаларының болашағы мен отбасы құндылықтары туралы жиі айтып келеді. Сондай-ақ қайта шаңырақ көтеру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын жеткізген.
Медеу Арынбаевтың әйелі қашан қайтыс болды?
Медеу Арынбаевтың жұбайы Айгүл Үмбетәлиева 2010 жылдың желтоқсан айында 41 жасында инсульт салдарынан өмірден өткен. Жарының мезгілсіз қазасы әнші үшін ауыр соққы болған.
Айгүл Үмбетәлиева кәсіби музыкант еді. Ол скрипка және альт аспаптарында ойнап, Мемлекеттік филармонияның симфониялық оркестрінде қызмет атқарған.
Медеу Арынбаев болашақ жарымен 1996 жылы "АБК" тобының концерттерінің бірінде танысқан. Екі жылдан кейін, 1998 жылдың 8 қарашасында екеуі шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылар Дәулет есімді ұл мен Даяна есімді қыз тәрбиелеген.
2010 жылы Айгүлдің кенеттен өмірден өтуі отбасы үшін үлкен қайғы болды. Сол кезде балалары әлі кішкентай болғандықтан, әнші олардың тәрбиесін өз мойнына алған.
Медеу Арынбаев бұған дейінгі сұхбаттарында марқұм жарының соңғы күндерін бірнеше рет еске алған. Оның айтуынша, Айгүл ауруханаға түскеннен кейін денсаулығы күрт нашарлаған. Соңғы әңгімелерінің бірінде ол күйеуіне балаларына қамқор болуды аманаттаған.
Арада ұзақ жылдар өтсе де, өнер иесі жұбайына деген сағынышы басылмағанын жасырмайды. Әнші Айгүлдің орнын басқа адамның басуы қиын екенін айтып келеді.
2025 жылы берген сұхбатында Медеу Арынбаев жұбайының өмірден өткеніне 15 жыл толғанын айтып, кейін басқа адамдарға көңілі ауған кездері болғанын мойындаған. Алайда ол ешкімнен марқұм жарымен арадағы ерекше сезімді таба алмағанын жеткізген.
Өнер иесі бүгінде де Айгүл Үмбетәлиеваның жарқын бейнесін құрметпен еске алып, оған деген сағынышын әндері арқылы жеткізіп келеді.