Malim.kz
Қоғам

Елдің басым бөлігінде найзағай, бұршақ және 37 градусқа дейін ыстық күтіледі

Арман Қайыпхан
Фото: magnific.com

«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 7 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Синоптиктердің болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, шквалды жел мен қатты ыстық күтіледі.

Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында күндіз ауа температурасы +37 градусқа дейін көтеріледі. Павлодар облысында +35 градусқа дейін аптап ыстық болады.

Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алматы қаласында да күндіз жаңбыр жауып, найзағай болуы ықтимал.

Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақтөбе және басқа да бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Астанада да жоғары өрт қаупі жарияланған.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты сақ болуға шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары