Malim.kz
Қоғам

Елімізде әйелдер саны ерлерден айтарлықтай көп болып шықты

Сабина Асқарқызы
kursiv.media

Қазақстанда қазіргі таңда 10,5 миллион әйел тұрады. Бұл ел халқының 51,1 пайызын құрайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ал ерлер саны 10,04 миллион адамға жетіп, жалпы халықтың 48,9 пайызына тең болды. Осылайша, әйелдер мен ерлер саны арасындағы айырмашылық шамамен 458 мың адамды құрап отыр.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі қалада өмір сүреді. Қала халқының саны 13,1 миллион адамға жетіп, жалпы халықтың 63,9 пайызын құраған. Ал ауылдық жерлерде 7,4 миллион адам тұрады.

Ең урбандалған өңір ретінде Қарағанды облысы тіркелді. Мұнда тұрғындардың 82,6 пайызы қалада тұрады. Сондай-ақ Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 79,5 пайыз болса, Ақтөбе облысында 76,4 пайызға жеткен.

Ал қала халқының үлесі ең төмен өңір – Алматы облысы. Мұнда тұрғындардың тек 19,3 пайызы ғана қалалық жерде тұрады. Одан кейін Түркістан облысы (25,4 пайыз) мен Жетісу облысы (45,9 пайыз) орналасқан.

Жыл басынан бері Қазақстан халқы 18,1 мың адамға көбейген. Оның ішінде 15,8 мың адам табиғи өсім есебінен тіркелсе, 2,3 мың адам көші-қонның оң айырмасы нәтижесінде қосылған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары