Malim.kz
Қоғам

Елімізде ипотека мөлшерлемесі бастапқы жарнаға байланысты өзгереді

Айбын Атабай
Gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова 1 шілдеден бастап ипотекалық несиелер бойынша жаңа мөлшерлемелер енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейлерін белгілейтін қаулыға өзгерістер енгізу мәселесін қарастырып жатыр.

– Ипотекалық қарыздар бойынша біз жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін бастапқы жарна көлемімен байланыстыруды жоспарлап отырмыз, яғни, бастапқы жарна 30% және одан жоғары болған жағдайда, ЖТСМ деңгейін 20% мөлшерінде белгілеу қарастырылуда. Ал бастапқы жарна 30%-дан төмен болған жағдайда, несиелер бойынша мөлшерлеме жоғары болады, - деді Мәдина Әбілқасымова.

Сонымен қатар оның сөзінше, қаржы нарығының қатысушылары бұл норманың ипотекалық несиелердің қолжетімділігіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.

– Қазіргі таңда нарық қатысушылары бұл талапты кейінге қалдыру мәселесін көтеруде, яғни, еліміздегі жағдай қолайлырақ болғанға дейін, атап айтқанда базалық мөлшерлеме төмендегенге дейін осы норманы енгізуді шегеру ұсынылуда, - деді агенттік төрайымы. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары