Malim.kz
Қоғам

Елімізде Құрбан айт қарсаңында құрбандыққа шалынатын мал бағасы қымбаттаған

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Қазақстанда Құрбан айт мерекесі алдында құрбандыққа шалынатын малдың бағасы айтарлықтай өсті. Қымбатшылық қой, сиыр, жылқы және түйе бағасына әсер еткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Наурыз айының соңындағы мәлімет бойынша, еліміздегі ірі қара саны 9,2 миллион басқа жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға көп. Қой саны 21,1 миллионнан асса, жылқы саны 4,8 миллионға, ал түйе саны 312,6 мың басқа жеткен. Ең жоғары өсім жылқы шаруашылығы саласында тіркелді - бір жыл ішінде 7,1 пайызға артқан көрінеді. 

Малдың басым бөлігі бұрынғыдай халық шаруашылықтары мен фермерлік қожалықтарда ұсталады. Ірі қара, сиыр, қой және жылқы саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Ешкі саны ең көп өңір - Жетісу облысы, ал түйе саны бойынша Маңғыстау облысы алда келеді.

Сонымен қатар елде мал бағасы да қымбаттап жатыр. Наурыз айында базардағы бір сиырдың орташа бағасы 489,3 мың теңге болса, бұқа - 526,7 мың теңге, ал жылқы - 581,3 мың теңге болған.

Ең қымбат мал ретінде түйе тіркелді. Бір түйенің орташа бағасы 804 мың теңгеден асса, інгеннің құны 782 мың теңгеге жеткен. Қойдың орташа бағасы 77,2 мың теңге, қошқар - 86,3 мың теңге, ал ешкі - 46,3 мың теңгеден сатылған.

Сарапшылардың айтуынша, нарықтағы бағаның өсуіне Құрбан айт алдындағы маусымдық сұраныс та әсер етіп отыр. Биыл Қазақстанда алғаш рет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы платформасы арқылы онлайн құрбан шалуға мүмкіндік іске қосылды.

Қызмет бағасы өңір мен таңдалған мал түріне байланысты өзгереді. Ірі қараны құрбандыққа шалу құны 630 мыңнан 945 мың теңгеге дейін болса, қой — 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін, ал ешкі — 55 мыңнан 100 мың теңгеге дейін бағаланған.

Құрбандыққа шалынатын түйенің бағасы барлық өңірде бірдей — 1,1 миллион теңге.

Сәуір айының қорытындысы бойынша да мал шаруашылығы өнімдерінің бағасы өскен. Ірі қара бағасы өткен жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға, жылқы — 9 пайызға, ал қой — 8,8 пайызға қымбаттаған.

Ірі қара бағасының ең қатты өсуі Абай облысында байқалып, бір жыл ішінде 42,1 пайызға артқан.

Мамандардың пікірінше, дәл 2026 жылы мал бағасының өсу қарқыны айтарлықтай күшейген. Бұрынғы жылдары баға орта есеппен 4–6 пайыз аралығында өссе, қазіргі өсім халыққа әлдеқайда қатты сезіле бастаған.

Құрбан айттың жақындауына байланысты бұл жағдай тұрғындардың шығынын көбейтуі мүмкін.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары