Malim.kz
Қоғам

Ең төменгі жалақы өсуі мүмкін: Мобильді аударымдарға қатысты талаптар қайта қарала ма?

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда ең төменгі жалақының (ЕТЖ) ықтимал өсуі туралы айтыла бастады. Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннен осыған байланысты мобильді аударымдар бойынша критерийлер қайта қарала ма деп сұралды, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп. 

Қазіргі уақытта салық органдары банк клиенттерінің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы тізімдерін мобильді аударымдар бойынша заңбұзушылықтар бар-жоғына тексеріп жатыр. Келесі үш негізгі критерийге сәйкес келетіндерге сұрақтар туындауы мүмкін:

100 және одан да көп түрлі тұлғадан келген ақша аударымдары;

қатарынан 3 ай бойы;

жалпы сома 1 020 000 теңгеден асса.

Соңғы критерий - "ойдан шығарылған" сома емес. Бұл 12 ЕТЖ. 2026 жылы бір ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болады. 

Жақында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда ЕТЖ-ны 150 000 теңгеге дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатқаныны айтты.

Егер ЕТЖ өссе, мобильді аударымдар бойынша шекті сома да артады. Ол 1 800 000 теңге болуы мүмкін.

Салық мамандары не дейді?

Астанада өткен салықтық әкімшілендіру жөніндегі конференция аясында Ерқанат Шынберген мобильді аударымдар бойынша критерийлердің қайта қаралуы мүмкін екенін растады.

"Өздеріңіз дұрыс айтқандай, ЕТЖ-ға байланған. Егер ЕТЖ өсетін болса, әрине... Біз тиісінше қайта қараймыз, яғни Кәсіпкерлік кодексінде бұл сомалар ұлғаятын болады", - деді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік: 15 сәуірге дейін екінші деңгейлі банктер мемлекеттік кірістер органдарына қазақстандықтардың банк операциялары туралы деректерді берді. Қаржы министрлігі мәліметінше, айдың аяғына дейін салық мамандары бұл деректерді тексеріп, ықтимал заңбұзушылардың тізімін жасайды. Мамырда қазақстандықтарға салық органынан заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламалар келуі мүмкін.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары