Қытайлық инвестор өзін алдап, дүние-мүлкін иемденуге әрекеттенген әйелінің қылмысын дәлелдеу үшін тоғыз жылын және қыруар қаржысын жұмсаған. Нәтижесінде әйел АҚШ-та ұсталып, 65 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
South China Morning Post басылымының жазуынша, оқиға 52 жастағы Ли Пин есімді инвестордың басынан өткен. Биржада табыс тауып, дәулетті азаматтардың қатарына қосылған ол 2014 жылы банкте жұмыс істейтін Чжан Шуданьмен танысқан.
Әйел Лиге қиын балалық шағы мен білімге өз күшімен қол жеткізгені туралы айтып, оның сеніміне кірген. Көп ұзамай инвестор Чжан жұмыс істейтін банкке қомақты қаржы аударып, кейін екеуі шаңырақ көтерген. Ли жұбайына Шэньчжэнь қаласынан пәтер де сатып әперген.
Алайда үйленгеннен кейін күмәнді оқиғалар басталған. Бір күні Лидің көлігінің тежегіші істен шығып, ол апатқа ұшырай жаздаған. Көп ұзамай жүкті әйелі кенеттен жоғалып, Лос-Анджелеске ұшып кеткен.
Белгілі болғандай, әйел өзімен бірге ақша мен бірнеше пәтердің құжаттарын алып кеткен.
Тергеу барысында Чжан мен оның сыбайласы Лидің көлігінің тежегіш жүйесін әдейі бүлдіргені анықталған. Олардың мақсаты ер адамды өлтіріп, оның байлығына қол жеткізу болғаны айтылды. Кейін әйелдің құрсағындағы баланың да Лиден емес екені белгілі болған.
Осыдан кейін инвестор жұбайын іздеуге кіріскен. Ол Қытай мен АҚШ-та жеке детективтер мен адвокаттарды жалдап, әйел туралы ақпарат берген адамға бір миллион доллар сыйақы ұсынған.
2020 жылы Қытай соты олардың некесін жарамсыз деп танып, Лиге жылжымайтын мүліктерін қайтарып берді. Ал 2024 жылы Чжан АҚШ аумағында ұсталған.
Америкалық сот әйелді алаяқтық, адам саудасы және бала ұрлау секілді бірнеше айып бойынша кінәлі деп танып, 65 жылға бас бостандығынан айырды.
Еске сала кетейік, Қытайда екі жасында жоғалып кеткен әйел 30 жылдан астам уақыттан кейін туған анасымен және әпкесімен қайта қауышқаны туралы жазған едік.