Malim.kz
Қоғам

"Еркектер неге тоқал алуды ойлайды?" – Роза Әлқожа үлкен өкінішін айтты

• Мадияр Қапанбек
Роза Әлқожа. Фото: instagram.com/roza_alqozha (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Әнші Роза Әлқожа отбасылық құндылықтар, ер мен әйелдің қарым-қатынасы және тоқал алу мәселесіне қатысты қазіргі көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі "Кездесу" подкастында дін мен психологияның қалай түсіндіріліп, қоғамға қалай жеткізілетіні маңызды екенін айтқан.

"Мейлі Құранда, мейлі психологияда болсын, оның қалай түсіндірілуі мен жеткізілуіне байланысты. Психологияны да, дінді де құбыжық етіп көрсетуге болады. Алайда бұл екі саланың арасы алшақ емес, екеуінің де айтар ойы бір. Ол – кішіпейіл, қарапайым әрі шынайы болу, сонымен қатар өзіңнің қадір-қасиетіңді білу", – деді әнші.

Роза Әлқожа кейбір ер азаматтардың діни түсініктерді өздеріне тиімді жағынан қабылдайтынын айтып, мұндай көзқарасқа қатысты ойын жеткізді.

"Бізде ер азаматтар Исламды көбіне өзіне тиімді жағына қарай бұрмалап пайдаланады. Неге біз сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) көркем мінезін үлгі етпейміз? Ол кісі өз әйелдеріне қатысты қандай жұмсақ әрі мейірімді болған. Неге біз оның осы сүннеттері туралы айтпаймыз? Неліктен еркектер жағдайы түзелсе, бірден тоқал алу керек деп есептейтінін түсінбеймін", – деді Роза Әлқожа.

Әнші бұған дейін тоқал алу мәселесіне қатысты өзгеше пікір білдіргенін де еске алды. Оның сөзінше, қазір сол ойын өзгерткен.

"Осы орайда бұрын айтқан сөзім үшін қазір өкінетінімді айта кеткім келеді. Кезінде Айгерім Сейфулла маған тоқал алуға қатысты сұрақ қойған еді. Сол кезде мен бұл мәселеге үстірт қарап, қазақтың көбі тоқалдан тараған деген пікір білдірген едім. Өз тегімізде де, күйеуімнің әулетінде де мұндай жағдайлар болғандықтан, солай жауап берген едім. Дегенмен адам әрбір айтқан сөзіне жауап береді екен. Қазіргі таңда мен тоқал алуға толығымен қарсымын", – деді әнші.

Еске сала кетейік, Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі әдемі көріністің артында әрдайым мінсіз өмір тұрмайтынын айтқан еді.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылғы 1 қазанда Өзбекстандағы Амангелді ауылында дүниеге келген.

Өнер иесі отбасының тұңғышы болған. Бала күнінде ата-әжесінің тәрбиесінде өсіп, ерте жастан музыкаға қызыққан. Домбыра үйірмесіне қатысып, түрлі өнер байқауларында бақ сынаған.

Мектепті аяқтағаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары шығармашылыққа белсенді араласып, алғашқы әндерін жаза бастаған.

Университеттен кейін біраз уақыт журналистика саласында еңбек етіп, кейін кәсіби әншілікке бет бұрған.

Роза Әлқожаның көпшілікке кеңінен танылуына "Орамалды" әні ықпал етті. 2008 жылы оның "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомы жарық көрді.

Әншінің "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Мына өмір ғажап қандай" секілді әндері тыңдарман арасында кеңінен танылған. Ол әншілікпен қатар өлең жазып, әндерге әуен шығаратын автор ретінде де белгілі.

Қазір Роза Әлқожа шығармашылық қызметін жалғастырып, концерттер мен түрлі мәдени іс-шараларға қатысып жүр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары