Malim.kz
Әлем

Ертең Орбанның тағдыры шешіледі. Ресей фейктерді шелектеп төгіп жатыр

Ереке Базарқұл
ФОТО: ©Путин мен Орбанның Кремльде кездесуі, 2025 жылдың 28 қарашасы. AP - Alexander Nemenov / rfi.fr

Ертең, 12 суәір күні, Венгрияда тартысты сайлау өтеді. Билікте 16 жыл болған  Виктор Орбан тағы қала ма, қалмай ма - осы мәселе шешіледі. Будапешт қазір Ресейдің тікелей ақпараттық шабуылына ұшырауда. Зерттеушілердің мәліметінше, Кремльдің мүддесіне жұмыс істейтін Storm-1516 ресейлік насихат жасағы  парламенттік сайлауға ықпал ету мақсатында ауқымды дезинформациялық науқан жүргізіп жатыр. Бұл туралы Euronews жазыпты.

Оппозиция серкелеріне қарсы бағытталған қауесеттер

Бұл науқанның басты нысаны — Венгрия оппозициясының жетекшісі Петер Мадьяр және оның еуропашыл «Тиса» (Tisza) партиясы. Желіде тараған ең басты жалған мәлімдемелердің бірі — Мадьярдың Венгрияда міндетті әскери борышты қайта енгізуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат. 

Түрлі әлеуметтік желілерде Мадьярдың сайлау алдындағы митингіде «Венгрия соғысқа дайындалу үшін әскери міндетті қайта енгізуі керек» деп айтқаны туралы жалған репортаждар таратылған. Алайда, «Тиса» партиясының манифесінде мұндай жоспардың жоқ екені және үкімет басына келген жағдайда әскери міндетті қайта енгізбейтіні нақты жазылған. Сонымен қатар, Ресейшіл ақпараттық операциялар Мадьярды «Венгрияны Украинадағы соғысқа тартады» және «зейнетақы қорларын Киевке көмекке аударады» деп айыптауда.

Storm-1516 тобының қолданатын тактикасы

Storm-1516 — бұған дейін АҚШ пен Германиядағы сайлау науқандарына араласқан, тәжірибелі насихат тобы. Олардың жұмыс әдістері өте күрделі және сан алуан:

БАҚ-ты қолдан жасау: Топ Euronews және Sky News сияқты танымал ақпарат агенттіктерінің атын жамылып, жалған сайттар мен бейнерепортаждар жасайды. Мәселен, екі аптаның ішінде венгр оппозициясын дискредитациялау үшін Storm-1516-ға қатысы бар алты жаңа сайт тіркелген.
Әлеуметтік желідегі жарнама: Олар жалған ақпаратты Facebook арқылы жарнамалап, 20 000-нан астам адамды қамтыған. Бұл жарнамалар негізінен 50 жастан асқан аудиторияға бағытталған.
Жалған айыптаулар: Мадьярды ЕО-ның Украинаға арналған 16,7 миллион доллар көлеміндегі көмек қаражатын жымқыру схемасына қатысы бар деп айыптаған видеолар таратылды. Сондай-ақ, партияның вице-төрағасы Агнес Форстхофферді де қаралау әрекеттері байқалған.

Халықаралық деңгейдегі қауіп

Microsoft-тың қауіп-қатерлерді талдау орталығы Storm-1516 тобын - демократиялық кандидаттарды дискредитациялаумен айналысатын «ресейлік ықпал ету агенттері» желісінің бір бөлігі деп санайды. Олар жергілікті тіл мен аймақтық ерекшеліктерді жақсы білетін мердігерлерді жалдау арқылы дезинформацияның сапасын арттырып, оны шынайы жаңалықтарға ұқсастыруға тырысады екен.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары