Malim.kz
Қоғам

"Ешкімге айтпай, некемізді қидырдық": Бүркіт әйелі туралы құпия шындықты ашты

• Мадияр Қапанбек
Бүркіт пен Аиша. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Танымал әнші Бүркіт жұбайы Аишамен отбасын құрар алдында басынан өткен қызықты оқиғаны бөлісті. Өнер иесі ата-анасына ескертпестен некесін қидырып, кейін әкесінің қатты ренжігенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші бұл туралы "Отец" подкастында әңгімеледі. Оның айтуынша, Аишамен екі жылға жуық қыз-жігіт болып кездескеннен кейін 34 жасында шаңырақ көтеруге шешім қабылдаған. Алайда бұл жаңалықты ата-анасына бірден жеткізбеген.

Бүркіт алдымен жақын достары мен бауырларының қатысуымен некесін қидырып, содан соң ғана туған жері Таразға барып, ата-анасына үйленгенін хабарлаған.

"Ешкімге айтпай, достарымды, әпкем мен інімді ертіп барып, некемізді қидырдық. Содан кейін Таразға, ата-анама бардым. Үйленетінімді айттым. Ол кезде неке қиылып қойған еді. Әкем қатты ашуланды. Ауылға бара жатқанда да, қайтар жолда да ұрысты. 60 шақырым жол бойы маған ренішін айтты", – деп еске алды әнші.

Өнер иесінің айтуынша, әкесі баласының өміріндегі маңызды қадамды өздерімен ақылдаспай жасағанына намыстанған. Ол ұлының мұндай шешім қабылдағанын өзгелерден кейін естігеніне қынжылған.

"Әкем "Сен жетімсің бе? Неге бізге айтпадың? Неге біз білмей қалдық? Үйленетініңді ата-анаң білуі керек қой" деп ренжіді. Бірақ мен шешімімді қабылдап қойған едім. 34 жасқа келгенде енді үйленуім керек екенін түсіндім", – деді өнер иесі.

Ал әншінің анасы болашақ келінін бұрыннан ұнатып жүрген болып шыққан. Бүркіттің сөзінше, анасы Аишаны алғаш рет бейнебаяннан көріп, оның жүзінен мейірімділік байқаған. Бұған дейін ұлы таныстырған қыздарға аса көңілі толмаған анасы бұл жолы ерекше ықылас білдірген.

"Анам адамның қандай екенін көзіне қарап-ақ байқайтын. Бұрын таныстырған қыздарымды ұната бермейтін. Тіпті кейінгі жеті-сегіз жылда ешкімді көрсетпейтін болдым. Бір күні анам Аишаның "Раба любви" әніне түсірілген бейнебаянын көріп, "Қандай жақсы қыз, көздері қандай мейірімді" деді. Сол сөзін есімде сақтап қалдым", – деді Бүркіт.

Әкесінің реніші де ұзаққа созылмаған. Әншінің айтуынша, анасы жағдайды реттеп, көп ұзамай отбасында той қамы талқылана бастаған.

"Үйге келгеннен кейін сыртқа шығып кеттім. Жарты сағаттай уақыт өткен соң қайта кірсем, әкем беташардың күнін белгілеу керегін айтып отыр. Бірден анама қарадым. Анам бәрін реттеп қойған екен", – деп күлді әнші.

Еске сала кетейік, Бүркіт бала тәрбиесіне қатысты ойын бөліскен еді.

Бүркіт кім?

Бүркіт – қазақстандық танымал әнші, композитор, продюсер әрі актер. Шын есімі – Айбек Жансейітов. Ол 1978 жылы 12 шілдеде Тараз қаласында дүниеге келген. Өнер иесі қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, көңілді әрі ырғақты әндерімен көпшілікке танылды.

Әншілік мансабын 2000 жылдардың басында дамыта бастаған Бүркіт қазақ және орыс тілдерінде ән орындап, бірнеше музыкалық жобаға қатысты. Кейін продюсерлікпен де айналысып, жас өнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсетті.

Әншінің шығармашылығында жұбайы Аишамен бірге орындаған туындылар ерекше орын алады. Олардың "Тау-тау сезім", "Туған жер", "Мекенім Қазақстан", "Қарапайым қазағым", "Тәттімсің", "Бәрі жақсы болады", "Айналайын", "Қолымнан ұста" және "Әгугай" әндері тыңдарманға кеңінен таныс. Ерлі-зайыптылардың дуэті отандық эстрададағы танымал шығармашылық жұптардың біріне айналды.

Бүркіт музыкадан бөлек кино саласында да бақ сынап, актерлік қырынан көрінді. Сондай-ақ түрлі телевизиялық бағдарламалар мен шығармашылық жобаларға қатысып келеді.

Жеке өміріне келсек, әнші 2008 жылы болашақ жары Аишамен танысқан. Аишаның шын есімі – Виктория Жансейітова. Бастапқыда шығармашылық байланыс орнатқан екеуінің қарым-қатынасы кейін махаббатқа ұласып, 2010 жылы отбасын құрған.

Бүркіт пен Аиша бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Олардың Зейін, Омар есімді ұлдары және Сафия мен Латифа есімді қыздары бар. Кенже қызы 2025 жылдың мамыр айында дүниеге келген.

Өнерлі жұп отбасылық өмірі мен бала тәрбиесіне қатысты ойларын әлеуметтік желілерде және сұхбаттарында жиі бөлісіп тұрады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары