Malim.kz
Қоғам

Ет алғанда сақ болыңыздар: заңсыз жұмыс істеген цехтан 3 тонна ет табылды

Malim Админ
Фото: ашық дереккөзден алынды

Астанада полиция мен ветеринарлық инспекция бірлескен рейд кезінде заңсыз жұмыс істеген жасырын ет цехын анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

«Мал ұрлығына қарсы операция» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының аясында тексерілген нысаннан 42 малдың тушасы (сойылған малдың денесі) және шамамен 3 тонна белгісіз шығу тегі анықталмаған ет өнімі табылды. Олардың ішінде 5 жылқы, 24 ірі қара, 13 ұсақ малдың сойылған денелері болған. Сонымен бірге цехта қолданылған арнайы құралдар мен өңдеу жабдықтары да тәркіленді.

Полиция дерегінше, өнімдер ең төменгі санитарлық талаптар сақталмаған, антисанитарлық жағдайда дайындалған. Цех иелерінің ешқандай рұқсат қағазы да, ветеринарлық құжаттары да болмаған.

Қосымша тексеру барысында 180 қап ет өнімі анықталып, айналымнан шығарылды.

Қазір тәркіленген еттің және малдың шығу тегі ИСЖ жүйесі бойынша тексеріліп жатыр. Тергеу барысында олардың арасында ұрланған мал бар-жоғы анықталмақ.

Құзырлы органдар жасырын цехты заңсыз кәсіпкерлік және санитарлық нормаларды бұзу фактілері бойынша жауапкершілікке тартатынын мәлімдеді.

Malim Админ
Автордың басқа материалдары