Malim.kz
Әлем

Еуроодақ Иранның Ислам революциясы корпусын террористік ұйым деп жариялады

Арман Қайыпхан
Фото: Reuters

Еуропалық Одақ елдерінің сыртқы істер министрлері кеңесі бейсенбі күні Иранның жетекші әскери-саяси құрылымы – Ислам революциясы корпусын (ИРК) террористік ұйым деп жариялауды шешті, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.

Бұл шешім қаңтардың басында бүкіл елді қамтыған наразылық акциялары кезінде иран билігі мыңдаған демонстрантты өлтіргеніне жауап ретінде қабылданды.

«Қысым көрсетулер жауапсыз қалмауы тиіс. Өз азаматтарын мыңдап өлтіретін кез келген режим өзін өзі қирауға жақындатады», – деп жазды әлеуметтік желіде Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас.

Сонымен қатар, ЕО сыртқы істер министрлері 19 иран азаматы мен 12 ұйым мен компанияға санкция енгізді. 15 адам мен 6 заңды тұлға наразылықты басуға қатысқаны үшін санкциялық тізімге кірсе, қалғандары Ресейдің Украинадағы соғысына көмек көрсеткені үшін қосылды.

Еуропалық Одақ хабарлағандай, қазір оның Иранға қатысты санкциялық тізімінде 247 адам мен 50 заңды тұлға бар.

Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро бұл шешімдерді жариялай отырып, санкцияға іліккендердің ЕО елдеріне кіруіне тыйым салынатынын және олардың ЕО-дегі активтері, егер бар болса, мұздатылатынын еске салды.

«Режим тұтқындарды дереу босатуы, өлім жазасын тоқтатуы, цифрлық блокадасын жоюы және БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің комиссиясына Ирандағы қылмыстарды тергеуге мүмкіндік беруі керек», – деді француз министрі.

Еске салсақ, Иранның денсаулық сақтау министрлігі елде екі күн ішінде наразылыққа шыққан 30 мыңға жуық адам қаза болғанын мәлімдеген еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары