Malim.kz
Әлем

Еуроодақ: Ормуз бұғазының блокадасын келісім арқылы тоқтатуға болады

Айбын Атабай
Reuters

Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Иранның Ормуз бұғазы арқылы жүргізіп отырған блокадасын Украинадағы астық келісіміне ұқсас дипломатиялық келісім арқылы тоқтатуды ұсынды. Бұл туралы дүйсенбі, 16 наурыз күні Reuters агенттігі хабарлады.

Брюссельде ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері саммиті қарсаңында өткен баспасөз конференциясында Каллас мұндай келісімнің ықтимал моделін БҰҰ Бас хатшысы **Антониу Гутерриш**пен талқылағанын айтты. Оның сөзінше, Тегеранмен жасалатын келісім әлемдік энергиямен қамтамасыз ету үшін аса маңызды Ормуз бұғазы арқылы мұнай мен газ тасымалын қайта жандандыруға көмектесер еді.

Кая Каллас сондай-ақ Иранның Ормуз бұғазын блокадаға алуы тек жанармай дағдарысына қауіп төндіріп қана қоймай, ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыштардың тапшылығына әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Соның салдарынан 2027 жылы азық-түлік тапшылығы туындауы ықтимал.

ЕО блокаданы жоюдың әскери нұсқасын да қарастырады

Калластың айтуынша, 16 наурызда ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері блокаданы еңсерудің әскери нұсқасын да талқылайды. Атап айтқанда, Еуроодақтың Қызыл теңіздегі Aspides теңіз миссиясы мандатын кеңейту мәселесі қарастырылуы мүмкін. 2024 жылдың ақпанынан бері ЕО елдерінің әскери кемелері еуропалық сауда кемелерін сүйемелдеп, хуситтер қозғалысы тарапынан болуы мүмкін шабуыл қатерлерінен қорғауға көмектесіп келеді.

Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Aspides миссиясының мандатын кеңейту идеясын күмәнмен қабылдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуроодақтың Қызыл теңіздегі миссиясы онша тиімді болмады, ал оны Ормуз бұғазына дейін кеңейту Еуропаны Иранмен ашық қақтығысқа тартып әкелуі мүмкін.

Иранның Ормуз бұғазын блокадаға алуы

28 ақпан күні таңертең АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы бере бастады. Осыдан кейін Тегеран билігі мұнай мен газ жеткізу үшін маңызды Ормуз бұғазы арқылы қозғалысты іс жүзінде тоқтатты, ал Иран бұғазға «толық бақылау орнатқанын» мәлімдеді.

Бұл жағдай энергия ресурстарының бағасының өсуіне әкелді. Соның салдарынан, атап айтқанда, АҚШ Ресейге қатысты санкцияларды уақытша әлсіретті.

Вашингтон Тегеранды бұғазды миналауға айыптады. Ал The Financial Times басылымының мәліметінше, ЕО-ның кейбір елдері Иран билігімен олардың кемелерінің бұғаз арқылы қауіпсіз өтуіне кепілдік беру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары