Дания Гренландиядағы әскери күшін ұлғайтатынын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл мәлімдеме Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері Ларс Лёкке Расмуссен мен Вивиан Мотцфельдттің Вашингтонға сапарымен тұспа-тұс келді. Ақ үйде оларды АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио қабылдады.
Кездесу АҚШ, Дания және оның автономиясы — Гренландия арасындағы қарым-қатынастағы елеулі шиеленіс аясында өтті.
Бұл жағдай Дональд Трамптың аралды қандай жолмен болса да, тіпті күш қолдануды да жоққа шығармай, бақылауға алу ниетіне байланысты туындаған.
Осы риторикаға жауап ретінде сәрсенбі күні Копенгаген «геосаяси шиеленіс Арктикаға таралуына» байланысты «одақтастармен тығыз ынтымақтастықта Гренландиядағы өз қатысуын кеңейтетінін» мәлімдеді.
«Бүгіннен бастап Гренландияда және оның маңында әскери қатысу кеңейтіледі», — делінген мәлімдемеде. Бұл «ұшақтар, кемелер және жеке құрам санын, соның ішінде НАТО-ға мүше елдерден келетін күштерді көбейту» арқылы жүзеге асырылады.
«Гренландия үкіметі мен Данияның Қорғаныс министрлігі жергілікті халықтың қатысуын қамтамасыз ету үшін бұл мәселе бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастырады», — деп атап өтілген.
Германия, Франция, Швеция және Норвегия да Данияны қолдау мақсатында Гренландиядағы әскерін күшейтеді.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссонның айтуынша, швед әскерлері Данияның өтініші бойынша сәрсенбі күні-ақ Гренландияға жөнелтіледі. Швед контингентінің нақты саны әзірге хабарланған жоқ.
«Олар бірлесіп Дания өткізетін Operation Arctic Endurance жаттығулары аясында алдағы іс-шараларға дайындалады», — деді сәрсенбі күні Швеция үкіметінің басшысы.