Malim.kz
Қоғам

"Ғашық болып қалдым": Әнші Мақпал Жүнісова концертте ел күтпеген жағдайға тап болды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
SN.kz коллажы

Танымал әнші Мақпал Жүнісова Маңғыстауда өткен жеке концерті барысында ерекше жағдайға кезікті, деп хабарлайды Malim.kz.

Концерт кезінде көрермендердің бірі сахнаға көтеріліп, өнер иесіне сезімін білдірген.

"Сізді көру – менің арманым еді. Сізге ғашық болып қалдым", – деген ол.

Белгілі болғандай, ер адам әншімен жасты болып шыққан.

Кейін ол Мақпал Жүнісовамен бірге вальс билеуді ұсынған.

Алайда әнші бұл ұсынысты сыпайы түрде қабылдамай, бас тартқан.

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі беделді өнер иелерінің бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бері "Қазақконцерт" бірлестігінде солист ретінде өнер жолын жалғастырып келеді.

Әнші шығармашылық жолын ерте бастап, жас кезінен-ақ халықаралық байқауларда топ жарып, үлкен жетістіктерге жетті. Ол 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанса, 31 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағына ие болды.

Мақпал Жүнісова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Бүгінде ол тек сахнада ғана емес, білім беру саласында да белсенді, профессор ретінде танылып отыр.

Өнер иесі лирикалық сопрано дауысымен ерекшеленеді. Оның репертуарында халық әндері, романстар мен джаз бағытындағы шығармалар бар. Осындай жанрлық кеңдік оның тыңдарман жүрегінен орын алуына ықпал етті.

Қазіргі таңда Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасының "примадоннасы" әрі "Орта Азия бұлбұлы" ретінде кеңінен танылған. Оның концерттері әлі күнге дейін көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Айта кетейік, бұған дейін әнші тойлардың бірінде Тұрсынбек Қабатовқа әзіл айтып, көпшілікті күлкіге бөлеген еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары