Қазақстанның бірнеше өңірінде 1-3 шілде аралығында өткен ауқымды профилактикалық рейдтердің қорытындысы шығарылды. Іс-шаралар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Рейдтер Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Абай облысы және Ұлытау облысы аумақтарында өтті. Оған 3 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды.
Рейд нәтижесінде 2400-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Оның ішінде 1500-ден астамы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, ал мыңға жуығы қараусыз және қадағалаусыз жүргені үшін анықталған.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде 257 ата-ана балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ 1500-ге жуық ата-ана кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүргеніне байланысты жауапқа тартылған.
ІІМ ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
«Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Жазғы демалыс кезінде балаларыңыздың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылауда ұстауды сұраймыз», – деп мәлімдеді министрлік.