Malim.kz
Қоғам

Индонезиядан әкелінген Ақбаян Мұқанғалиева жындыханаға жатқызылды

Айбын Атабай

Атырау облысында ерлі-зайыптылардың қазасына байланысты іс бойынша бұрын ұсталған Ақбаян Мұқанғалиева қазір психиатриялық ауруханада жатыр, деп хабарлайды  Malim.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап. 

Туыстарының айтуынша, Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілгеннен кейін психиатриялық мекемеге орналастырылған. Оның денсаулығы мен іс бойынша нақты процессуалдық мәртебесі қаралуда.

«Оның психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын білмейміз. Ақбаянның енесінің айтуынша, қазір ол Атыраудағы психиатриялық мекемеде жатыр», – деді отбасының туыстарының бірі.

Қазақстан Республикасы ІІМ мәліметінше, отбасының кіші қызының бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр.

«Оның психикалық жағдайын анықтау қажеттілігіне байланысты ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді», – деп нақтылады полиция.

Айта кетейік, бұған дейін Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Атырауға жеткізілгені белгілі болған. «Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, олар 9 наурыз күні Алматыдан ұшып рейспен келген.

Еске салайық, бұл қайғылы оқиға Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасының жоғалуынан басталған. Біраз уақыттан кейін олардың мәйіттері өз үйлеріндегі сарайдың еденінің астынан табылған. Аталған дерек қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция қылмыстық іс қозғаған.

Кейінірек отбасының тағы екі мүшесі — Наурыз бен Мирамгүл із-түзсіз жоғалып кеткен. Оларды іздеу жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, нақты дерек табылмаған.

Тергеу барысында бұл іске Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның қатысы болуы мүмкін деген болжам пайда болған. Осыдан кейін күдіктілерге іздеу жарияланған.

Кейін олар Индонезияның Ломбок аралында ұсталғаны белгілі болды.

2026 жылғы 9 наурызда күдіктілер Қазақстанға жеткізілді. Тергеу кезінде Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындаған.

Оның айтуынша, ол екеуін бұрын өзі жалдап тұрған Атырау қаласындағы Геолог шағынауданындағы үйдің ауласына көміп тастаған. Тергеушілер көрсетілген жерді тексеріп, сол жерден екі адамның мәйітін тапқан.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары