Атырау облысында жоғалып кеткен аға мен қарындастың мәйіттері табылды. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Басылым мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев тергеу барысында Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындаған.
Оның айтуынша, ол екеуін бұрын өзі жалдап тұрған Геолог шағынауданындағы үйдің ауласына көміп тастаған. Тергеушілер көрсетілген жерді тексеріп, сол жерден екі адамның мәйітін тапқан.
Осылайша, Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның төрт туысын өлтірді деген күдікке ілінді. Бұған дейін Ақбаянның ата-анасының мәйіттері олардың өз үйіндегі сарайдың еденінің астынан табылған болатын.
Ақбаян Мұқанғалиева да осы қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр. Алайда оған нақты қандай айып тағылғаны әзірге жарияланған жоқ.
Күдіктілер бұған дейін Индонезияның Ломбок аралында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланған еді.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұл оқиға Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасының жоғалуынан басталған. Біраз уақыттан кейін олардың мәйіттері өз үйлеріндегі сарайдың еденінің астынан табылған. Аталған дерек қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция қылмыстық іс қозғаған.
Кейінірек отбасының тағы екі мүшесі — Наурыз бен Мирамгүл із-түзсіз жоғалып кеткен. Оларды іздеу жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, нақты дерек табылмаған.
Тергеу барысында бұл іске Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның қатысы болуы мүмкін деген болжам пайда болған. Осыдан кейін күдіктілерге іздеу жарияланған.
Кейін олар Индонезияның Ломбок аралында ұсталғаны белгілі болды.
2026 жылғы 9 наурызда күдіктілер Қазақстанға жеткізілді. Тергеу кезінде Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындаған.
Оның айтуынша, ол екеуін бұрын өзі жалдап тұрған Атырау қаласындағы Геолог шағынауданындағы үйдің ауласына көміп тастаған. Тергеушілер көрсетілген жерді тексеріп, сол жерден екі адамның мәйітін тапқан.