Иран Ормуз бұғазы арқылы гуманитарлық көмек тиелген кемелердің өтуіне рұқсат берді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, рұқсат тек алғашқы қажетті тауарларды жеткізіп жатқан кемелерге қатысты. Олар Иран порттарына немесе Оман шығанағындағы бағыттарға жүзіп бара жатқан болуы тиіс.
Сонымен қатар, Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, жақын арада Тегеран елдерді «жау», «бейтарап» және «достық» деп жіктеуді жоспарлап отыр. Егер бұл шешім қабылданса, «жау» мемлекеттердің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге тыйым салынуы мүмкін. Ал «бейтарап» елдер үшін арнайы алым енгізілуі ықтимал.
Бұған дейін Ұлыбритания АҚШ-тың одақтастары саналатын Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің 40-тан астам өкілінің қатысуымен кездесу ұйымдастырған.
Жиында Ормуз бұғазындағы ықтимал шектеулер мен оны ашу жолдары талқыланған. Қатысушылар Тегеранның бұл стратегиялық бағыт арқылы өтетін кемелерге бақылауды күшейтуіне қарсы пікір білдірген.
Еске салайық, 25 наурыз күні Иран «достық» елдер ретінде Ресей, Қытай, Пәкістан, Үндістан және Ирак мемлекеттерінің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы еркін өтуге рұқсат берген еді.