Malim.kz
Тұлға-таным

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи кім?

Айбын Атабай
REUTERS

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи Израиль мен АҚШ-тың шабуылдары салдарынан қаза тапты, деп хабарлады Иранның мемлекеттік телеарнасы. Иранның Tasnim агенттігінің мәліметінше, ол сенбі күні таңертең өз кеңсесінде өлтірілген, деп хабарлайды Malim.kz. Төменде оның өмірбаянын ұсынып отырмыз.

Балалық шағы және отбасы

Иран Ислам Республикасының Жоғарғы жетекшісі аятолла Сейед Әли Хосейни Хаменеи (Sayyid Ali Hoseyni Khamenei) 1939 жылғы 17 шілдеде (иран күнтізбесі бойынша 1318 жылдың 24 тирі) Иранның Мешхед қаласында шиит дінбасылары отбасында дүниеге келген.

1964 жылы Құм қаласындағы діни семинарияны тәмамдады. 1964–1968 жылдары Мешхедтегі діни семинарияда діни ғылымдарын жалғастырып оқыды. Оқу барысында ұстаздық қызмет атқарған.

Саяси мансабының басталуы

Құмда жүрген кезінде Хаменеи аятолла Рухолла Хомейнимен танысты. Хомейнидің көзқарастары Әлиге зор ықпал етті, ол сол кездегі шах Мұхаммед Реза Пехлевидің исламға қарсы және америкалық бағыттағы саясатына қарсы белсенді әрекет ете бастады.

1964 жылы Хомейни Ираннан қуылды, ал Әли Хаменеи Бирдженд қаласында САВАК қауіпсіздік қызметі тарапынан қамауға алынды. Алайда көп ұзамай босатылып, қайтадан Мешхедке оралды.

1963 жылдан 1975 жылға дейін Хаменеи тағы бес рет түрмеге қамалып, жалпы алғанда бірнеше айын қамауда өткізді. 1977 жылы Ираншахрға жер аударылды.

1978 жылы жер аударудан оралған соң, Иран революциясының бастапқы кезеңінде Хорасандағы исламдық антишахтық қозғалысты бірнеше серіктерімен бірге басқарды.

Иран Ислам Республикасының үкіметіне мүше болып сайланды, Қарулы күштердегі революциялық басшылықтың өкілі болды, сондай-ақ Революциялық гвардия (Ислам революциясы сақшылары) жетекшілерінің бірі болды.

1979 жылғы Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін имам Хомейни Әли Хаменеиді Тегеранда жұма намазының жетекшісі етіп тағайындады.

1980 жылы Хаменеи Тегеран қаласынан Исламдық консультативтік мәжілістің депутаты болып сайланды. Иранда Жоғарғы қорғаныс кеңесі құрылғаннан кейін оған имам Хомейнидің өкілі ретінде кірді.

Әли Хаменеи Иран Ислам республикалық партиясының негізін қалаушылардың бірі болды және онда бас хатшы қызметін атқарды.

1981 жылдың қыркүйегінде ол 95% дауыс жинап, Иран Ислам Республикасының үшінші президенті болып сайланды. 1985 жылы бұл қызметке төрт жыл мерзімге қайта сайланды.

Иранның Жоғарғы көшбасшысы болуы

1989 жылғы 4 маусымда, аятолла Хомейни қайтыс болғаннан кейін, ирандық дінбасылар съезі аятолла Хаменеиді «Ирандағы ислам революциясының жетекшісі» етіп сайлады. 1994 жылдан бастап оның діни беделі әлемнің түрлі елдеріндегі шиит ғұламалары тарапынан мойындалды.

Аятолла Хаменеи араб, түрік және ағылшын тілдерін меңгерген. Ислам мен тарих тақырыбында көптеген кітаптардың авторы әрі аудармашысы болған.

Ол үйленген, алты баласы бар.

Қаза болуы

Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы кезінде оның резиденциясына жасалған соққы салдарынан қаза тапты. Иран президентінің кеңсесінде оның өлімі жауапсыз қалмайтыны мәлімделді. Ислам республикасы бойынша 40 күндік аза тұту жарияланып, бір апта жұмыс күні емес деп жарияланды.

Fars агенттігінің дерегінше, шабуыл салдарынан Иран Ислам Республикасының Жоғарғы көшбасшысының қызы, күйеу баласы, немересі және келіні де қаза тапқан. IRNA агенттігінің хабарлауынша, оның міндеттерін уақытша президент, сот билігінің басшысы және Иран Конституциясын қорғау кеңесінің бір мүшесі атқаратын болады.

Хаменеи қаза тапқаннан кейін Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) ел қарулы күштері тарихындағы ең ауқымды шабуылдау операциясының басталғанын жариялады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары