Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Еуропалық одақ дипломатиясының жетекшісі Кая Калласпен барлық байланысты үзетінін мәлімдеді. Ол бұл туралы 18 маусым күні X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде хабарлады. Министр мұндай шешімге Калластың Израильді апартеид кезеңіндегі Оңтүстік Африка Республикасымен салыстырғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат себеп болғанын айтты.
«ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі біраз уақыттан бері Израиль мемлекетіне қатысты әділетсіз әрі біржақты ұстаным танытып келеді. Жақында оның Мексикаға сапары кезінде Израильді Оңтүстік Африкадағы нәсілшіл апартеид режимімен салыстырғаны белгілі болды», – деді Саар. Оның айтуынша, Каллас бұл «жалған айыптауды» кері қайтармайынша, онымен барлық байланысты тоқтатудан басқа амал жоқ.
Еуропалық Euractiv жаңалық порталы 12 маусымда анонимді шенеуніктер мен дипломаттарға сілтеме жасап, Каллас өткен айда Мексика үкіметі өкілдерімен кездесулер кезінде Израильдің Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы палестиналықтарға қатысты саясатын 1948–1994 жылдары Оңтүстік Африка Республикасында жүргізілген нәсілдік кемсітушілік саясатымен салыстырғанын хабарлаған.
Гидеон Саардың мәлімдемесіне жауап ретінде Кая Каллас Еуропалық одақтың Израильмен сындарлы қарым-қатынасты сақтауға мүдделі екенін айтты.
«Мен біздің диалогымыз бен ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймын және оларды дәл осы рухта – өзара құрмет пен сындарлы көзқарас негізінде жалғастыруға дайынмын. Диалог – дипломатияның басты тірегі, әсіресе келіспеушіліктер туындаған жағдайда», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде Израиль сыртқы істер министріне арнаған жазбасында.
Сонымен қатар Каллас Еуропалық одақтың ұстанымына сәйкес, Таяу Шығыстағы бейбітшілікке қол жеткізудің «өміршең жалғыз жолы» екі мемлекет құру қағидаты екенін еске салды.
Бірнеше минуттан кейін Саар Калластың жауабына қайта пікір білдірді. Оның айтуынша, ЕО дипломатиясының басшысы өз жазбасында апартеид туралы өзіне телінген сөздерді жоққа шығармаған да, айыптамаған да.
«Бұл өздігінен-ақ көп нәрсені аңғартады. Менің білуімше, сізге телінген “апартеид” туралы мәлімдемелер Еуропалық одақтың ресми ұстанымын білдірмейді», – деп жазды Израиль сыртқы істер министрі. Ол бұл мәселе толық анықталғанға дейін өзінің шешімі өзгеріссіз қалатынын жеткізді.
Осы уақытта Германия канцлері Фридрих Мерц Израильді Оңтүстік Африка Республикасындағы апартеид режимімен салыстыруды үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді.
«Мен мұндай сөз қолданысымен мүлдем келіспеймін және бұл мәселені жан-жақты талқылауға тура келеді», – деді ол Брюссельде өтіп жатқан Еуропалық одақ саммитіне келген кезде.
dpa агенттігінің хабарлауынша, Мерц Еуроодақ көшбасшылары бұл мәселені арнайы талқылайтынын атап өтті.