Malim.kz
Қоғам

"Келін келді": Алтынай Жорабаева отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісті

• Мадияр Қапанбек
Алтынай Жорабаева. Фото: instagram.com/altynaizhorabayeva (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Танымал әнші Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы қуанышты жаңалығын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің айтуынша, туған ағасы Бегімжанның ұлы Дарын шаңырақ көтеріп, әулетке жаңа келін түскен.

"Дарын (туған ағам Бегімжанның ұлы) қолына ақ құсын қондырды. Әкемнің немере келіні келді әулетімізге. Құда күтіп жатырмыз, бүгін бізде ұлан-асыр той", – деп жазды өнер иесі.

Әнші отбасында құдаларды күтіп, үлкен той өтіп жатқанын жеткізді.

Желі қолданушылары Алтынай Жорабаеваның қуанышына ортақтасып, жас жұбайларға ақ тілектерін білдірген.

Еске сала кетейік, Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында қызы Аяулымға қатысты қуанышты жаңалығын жариялаған еді.

Алтынай Жорабаева кім?

Алтынай Жорабаева – қазақ эстрадасының танымал әншілерінің бірі. Ол 1978 жылғы 28 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Бейнеткеш ауылында дүниеге келген.

Өнерге бала кезінен қызыққан әнші мектеп жылдарынан бастап түрлі мәдени шараларға қатысып, сахнаға араласа бастаған. 1995 жылы мектепті аяқтағаннан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға түседі.

1999 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, кейін сол университетте ұстаздық қызмет атқарған.

Алтынай Жорабаеваның кәсіби сахнадағы жолы 1997 жылдан басталады. Сол жылы ол "Арай" байқауында жүлделі орын алып, "Жас қанат-97" республикалық конкурсының дипломанты атанды.

Кейін әнші халықаралық байқауларда да Қазақстан атынан өнер көрсетті. 2001 жылы "Азия дауысы" фестивалінің лауреаты атанса, 2004 жылы Болгарияда өткен "Discovery" байқауында жеңіске жетті.

Сондай-ақ Латвияның Юрмала қаласында ұйымдастырылған "Янтарная звезда" байқауында Гран-при иеленген. 2005 жылы АҚШ-та өткен орындаушылық шеберлік чемпионатында екі алтын және екі күміс медальға ие болды.

Өнердегі жетістіктері үшін 2004 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды. 2006 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.

Алтынай Жорабаеваның алғашқы музыкалық альбомы 2002 жылы жарық көрді. Содан бері ол өзіндік орындаушылық мәнерімен қазақ эстрадасында тұрақты тыңдарман аудиториясын қалыптастырған өнер иелерінің біріне айналды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары