Танымал әнші Кенжебек Жанәбіловтің жұбайы Жәмила Төлегенова әлеуметтік желідегі парақшасында ел арасында туындаған сауалдарға жауап беріп, алдағы құдалық жайлы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Жәмила жазбасында өнердегі жұлдызды жұп Жанболат пен Жазираның болашақ келіндерінің өздеріне қандай туыстық қатысы барын тарқатып айтып, көптің көкейіндегі күмәнді сейілтті.
"Кенжебектің балдызы. Кенжебектің қарындасы. Кенжебектің қайын әпкесінің қызы... Жанболат пен Жазираға келін болғалы жатқан кім? Бізге қандай туыстық қатысы бар? Осының бәрін өзім түсіндіріп берейін.
Біз әке мен анадан жетеуміз. Қыздың кішісі мен, ұлдың кішісі Мұхамеджан. Мұхамеджан менен бір жас кіші. Мамамыз 2004 жылдары сырқаттанып жүріп, Мұхамеджанның үйленуін қалады. Сөйтіп, шаңырағымызға қазақылық пен салт дәстүрді қастерлейтін, маңғаз Маңғыстаудың қызы Лиза келін болып түсті. Лиза ибалылығымен, инабатымен әулетіміздің ажары мен базарына айналды. Араға бір жыл салып дүниеге Асылы келді. Атын анамыз қойды. Асылы деп әйгілі қазақ тілінің жанашыры Асылы Османова апамыздың құрметіне қойды. Асылы апамыздың өзін шақырып бесікке бөлетті. Асёка дүниеге келгеннен кейін араға сегіз ай салып анамыз дүниеден озды... Сосын Лизаның анасы Асёканы бағып қағып, мектеп бітіргенше тәрбиесін берді. Сөйткен Асёкамыз өсіп, келін болғалы жатыр. Аллаға шүкір, еліміздің ең танымал отбасыларының бірі Жанболат пен Жазираға. Құдай тіл көзден сақтасын!" – деп жазды Жәмила Төлегенова.
Бұған дейін Жазира Байырбекова да желіде сүйінші хабарын жариялап, ұлының сүйіктісіне сөз салғанын мәлімдеген еді.
"Қолыңа қонған бақ құсың құтты болсын. Махаббаттарың мәңгі, ниеттерің ақ болсын. Аллам тіл-көзден сақтасын!" – деп ақжарма тілегін білдірді өнер иесі.
Желі қолданушылары жас жұбайларға ақ тілегін жаудырып, болашақ келінді енесіне ұқсатқанын жазуда.
Айта кетейік, Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова – қазақ эстрадасындағы ең танымал отбасылық дуэттердің бірі. Өнер жолын студенттік шақтан бастап бірге жалғаған қос әнші талай қиындықты еңсеріп, бүгінде елге сыйлы, өнерде де, өмірде де жарасым тапқан жандар ретінде танымал. Енді олардың шаңырағына жаңа келін түсіп, әулет берекесі еселене түспек.