Malim.kz
Экология

Керқұландар «Алтын Дала» резерватында табиғатқа жіберілді

Сабина Асқарқызы
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәліметінше, «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында керқұландардың (кертағының) бір тобы табиғатқа жіберілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жоба аясында Галван есімді айғыр Прага қаласынан әкелінсе, төрт бие Хортобадь ұлттық паркі аумағынан жеткізілген. Жануарлар бір жыл бойы реинтродукция орталығында мамандар мен ветеринарлардың тұрақты бақылауында болып, жаңа табиғи-климаттық жағдайларға бейімделу кезеңінен өтті.

Осы уақыт ішінде керқұландар жергілікті ортаға сәтті бейімделіп, қысты аман өткізді. Мамандардың бағалауынша, олар енді табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге толық дайын.

Табиғатқа жіберер алдында Галван айғырына GPS-қарғыбауы тағылды. Бұл құрылғы үйірдің қозғалысын бақылауға және жануарлардың табиғи ортадағы мінез-құлқы жөнінде маңызды деректер жинауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Галван бастаған төрт биеден тұратын үйір «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын игеріп жатыр. Мамандардың бақылауына сәйкес, жануарлардың жағдайы жақсы, олар жаңа жайылымдар мен су көздерін белсенді түрде зерттеуде.

Керқұландар табиғатқа жіберілгеннен кейін де резерват инспекторларының тұрақты бақылауы мен қорғауында болады. Алдағы уақытта олардың қозғалысы мен жабайы табиғатқа бейімделу процесі мұқият қадағаланады.

Мамандардың айтуынша, бұл шара сирек кездесетін керқұлан түрін тарихи мекендеу ортасына қайтару бағдарламасының маңызды кезеңі болып саналады. Сондай-ақ Қазақстандағы табиғи популяцияны қалпына келтіру бағытындағы кезекті қадам ретінде бағалануда.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға Чехиядан керқұландарды әкелу бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасатыны хабарланған болатын.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары