Malim.kz
Қоғам

"Костюмін жыртып тастаған": Серік Сәпиевті өзінің орынбасары ұрған видеосы тарап кетті (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
видеодан скриншот

Желіде Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжалдың бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін 21 қаңтар күні Қарағанды қаласында спорт мекемесінің аумағында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында ауызша жанжал туындап, артынша төбелеске ұласқаны хабарланған болатын.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша "ұрып-соғу" фактісімен қылмыстық іс тіркелген. Бүгін әлеуметтік желіде оқиға болған орынға орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған кадрлар жарияланды.

Бейнежазбада Серік Сәпиевке ұқсас адамның костюм киіп, қолында папка ұстап кабинетке кіргені көрінеді. Біраз уақыттан кейін сол адам пиджагын шешіп, ақ жейдеде кабинеттен жүгіріп шыққан.

Еске салайық, Қарағанды облыстық полиция департаменті бұған дейін мынадай ақпарат таратқан:

"Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал шыққаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", – деп хабарлады өңірлік ПД баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, Серік Сәпиев – 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазіргі уақытта ол Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарады.

Ал Дәурен Есімханов – Серік Сапиевтің орынбасары, самбо және жауынгерлік самбодан Азия мен әлем чемпионаттарының жүлдегері, World Games күміс жүлдегері, сондай-ақ джиу-джитсудан әлем чемпионы.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары