Malim.kz
Қоғам

"Көз алдымда өлтіріп кетті": Әнші Ердос Қанаев көңілін құлазытқан жайт туралы айтты

• Мадияр Қапанбек
Ердос Қанаев. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделген)

"Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев әлеуметтік желіде көңілін құлазытқан оқиға туралы жазды. Өнер иесінің айтуынша, белгісіз біреу өзінің асырап жүрген итін көлікпен қағып өлтірген. Әнші жануарына қатты бауыр басқанын айтып, өкінішін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ердос Қанаев Instagram парақшасында жариялаған жазбасында үй жануарынан айырылу өзіне ауыр тигенін жасырмады.

Әнші кейбір адамдардың ит үшін қайғырғанын түсінбеуі мүмкін екенін де атап өтті. Дегенмен ол жануарға деген мейірім мен жанашырлықты ұят санамайтынын жеткізді.

"Иә, мен сондаймын енді. Жанашырлық болар, мейірімділік болар. Біреуге күлкілі болар. Паблик парақшалар да жерден жеті қоян тапқандай жарысып жазар", – деді өнер иесі.

"Көз алдыңда қаңсылатып, өлтіріп кеткені ауыр тиді"

Әншінің сөзінше, итінің көлік астында қалған сәтіне куә болу оған ерекше ауыр әсер еткен. Ол жануарды жай ғана үй күзететін ит емес, адамның жанын түсінетін адал серік ретінде сипаттады.

"Мынаған не болды итті жоқтап" дейтіндер де табылар қазір. Бірақ көз алдыңда қаңсылатып, өлтіріп кеткені ауыр тиді. "Ит досыңа айналса жақсы, бірақ досың итке айналса жаман" деуші еді. Жеті қазынаның бірі деп те бекер айтпаған", – деп жазды Ердос Қанаев.

Өнер иесі итінің өзіне ерекше жақын болғанын, кейде көңіл күйі болмаған сәттерде жанынан табылатынын еске алды.

Ердос Қанаев жазбасында жануарлардың иесіне деген адалдығына тоқталып, итінің қылықтарын сағынышпен еске алған.

"Ит байғұсқа берілген үлкен бір нығметі иесіне адал болуы екен. Кейде адамнан осы қасиет кеткенде, осы бір хайуанның адалдығын көріп ішімнен таңдай қағатынмын. Неткен адалдық? деп", – деді әнші.

Оның айтуынша, төрт аяқты серігі көңілі түсіп, ойға шомған кездерінде жанына келіп, үнсіз қарап тұратын болған. Әнші осы сәттерді еске алып, жануарының өзіне қаншалықты жақын болғанын жеткізді.

Ердос Қанаев итін қаққан адамға үндеу жасады

Жазбасының соңында әнші үй жануарын қағып кеткен адамға қарата сөз арнады.

"Мейірімсіз жан! Есік алдымнан әлі талай өтерсің. Сол кезде қандай сезімде болар екенсің?" – деп жазды Ердос Қанаев.

Әзірге итті қағып кеткен жүргізушінің кім екені және оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына шағым түсірілгені туралы ақпарат жоқ.

Еске сала кетейік, Ердос Қанаев әлеуметтік желіде сырт келбетіне қатысты жазылған пікірлерге жауап берген еді.

Ердос Қанаев кім?

Ердос Қанаев – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар "Жігіттер" квартетінің әншісі. Ашық деректерге сүйенсек, өнер иесі Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елді мекенінде дүниеге келген. Ол кәсіби музыкалық білім алмағанымен, жоғары оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әншінің өнердегі жолы 2003 жылы құрылған «Жігіттер» тобымен тығыз байланысты. Квартет алғаш құрылған жылы "Арай-2003" республикалық байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Кейін "Ерке қыз" әні арқылы көпшілікке кеңінен танылды. 2004 жылы осы туындыға топтың алғашқы бейнебаяны түсірілді.

2006 жылы "Жігіттер" квартеті Алматы қаласында алғашқы жеке концертін өткізді. Содан бері Ердос Қанаев топтың тұрақты мүшелерінің бірі ретінде сахнада өнер көрсетіп келеді. 2024 жылы ұжым "Қызық Times" бағдарламасында шығармашылық жолының 20 жылдық кезеңіне тоқталған.

Әншінің жеке өміріндегі ауыр сынақтар

Ердос Қанаев өміріндегі ең ауыр кезеңдер туралы да көпшілікке ашық айтқан. Ол "Urpaq" подкастында 2010 жылы, 26 жасында алғаш рет әке атанғанын еске алды. Алайда тұңғыш ұлы Әбдірахим дүниеге келгеннен кейін денсаулығына байланысты жансақтау бөліміне түскен. Әншінің айтуынша, отбасы он жыл бойы баласының денсаулығы үшін күрескен. Өкінішке қарай, Әбдірахим 2020 жылы 10 жасында өмірден озған.

2023 жылы әнші отбасында қыз бала дүниеге келгенін қуана хабарлады. Ашық деректерде оның Диасыл және Асылым есімді балалары бар екені де айтылады.

Ал 2025 жылдың қазан айында Ердос Қанаев тағы бір ауыр қайғыны бастан өткерді. Әншінің әкесі Әмзехан Қанаев дүниеден өтті. Бұл туралы оның әріптесі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желі арқылы хабарлаған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары